Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен арнайы кеңес өткізіп, әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға қатысты бірқатар маңызды тапсырма берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығына басымдық беретін негізгі міндеттерді атап өтті.
Атап айтқанда, Президент қорғаныс саласындағы басқару жүйесін оңтайландыру, әскерлердің құрылымын жетілдіру, резервтегі әскери қызмет институтын күшейту және арнайы операциялар күштерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар аумақтық қорғаныс жүйесін қалыптастырудың маңызына ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласын цифрландыруға және заманауи әскери технологияларға, оның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
Президент әскер қатарында қызмет ету үшін тартымды әрі қолайлы жағдай жасаумен қатар, сарбаздар мен офицерлердің жауапкершілігін арттыру, олардың кәсіби біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату қажет екендігін баса айтты.
Мемлекет басшысы әскерилердің өмірі мен денсаулығын сақтау командирлердің басты міндеті болуы тиіс екендігін қадап ескертті.
"Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау – командирлер мен басшылық құрамның барлық деңгейіндегі жұмыстың негізгі басымдығына айналуы тиіс", – деді Президент.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалған еді.