Бүгін арнайы брифинг барысында "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ» АҚ-ның Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан Жоғары аудиторлық палата қорға аудит жүргізіп жатқанын растады. Оның айтуынша, аудит бір айға созылады деп күтіледі. Салтанат Сәтжан аудит біреуді жазалау үшін емес, қордағы жұмыс процестерін жақсарту мақсатында жасалып жатқанын нақтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Сыйақылар мен бонустар жүйесі қызметтің корпоративтік көрсеткіштерін орындау деңгейіне сай құрылған, яғни жыл сайын директорлар кеңесі қор менеджменті алдына қойған міндеттерді орындау бойынша қызметтің негізгі көрсеткіштері белгіленеді. Соған қол жеткізу деңгейі бойынша шешім қабылданады. Жыл өтті ме, тиімділік көрсеткіштері тексеріледі: оған қол жеткізілді ме, әлде жоқ па деген тұрғыда. Осыдан кейін директорлар кеңесі менеджментті марапаттау немесе бонус тағайындау-тағайындамай туралы шешім қабылдайды. Бұл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданысқа ие ең ұтымды тәсіл, мұндайда менеджменттің нақты мақсаттары мен қандай нәтиже шығаруы керектігі түсінікті болады. Директорлар кеңесі мұны тиісті стандарттарға сай бағалауы керек болады", - деді ол.
Салтанат Сәтжан "Самұрық-Қазына" өзін ашық және транспарентті ұйым деп санайды, сондықтан кез келген тексеруге дайын екенін айтады. Алайда менеджменттің сыйақысы мен бонустарға бөлінетін сомаларға қатысты сауалға ол бұл ақпарат құпия болып табылатындықтан оны жария ете алмайтынын жеткізді.
"Қазақстан Заңына және біздің ақпаратты беру жөніндегі ережелерімізге сәйкес, бұл туралы айта алмаймын. Бірақ жыл сайын қордың қаржылық есебі жарияланып отырады. Сондықтан бұл мәліметті содан тауып алуға болады. Ал қордың 2024 жылғы қаржылық есебі әлі жарияланбаған. Менің ойымша, ол жуырда жарияланып қалады", - деп атап өтті ол.
Айта кетсек, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында реформа жүріп жатқанына біраз болды. Алайда, биыл, 2025 жылы 27 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтіліген отырысында Мемлекет басшысы аталған реформалау барысына көңілі толмайтынын жеткізді, сөйтіп ақпан айында бұл мәселені май-шаммен қарайтынын айтқан. Ал 21 ақпанда Президент Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайловты қабылдағанда "Самұрық-Қазына" мен бірқатар ұлттық компанияларларға аудиторлық тексеріс жүргізілетіні де белгілі болды. Мәжіліс қабырғасында 2025 жылы 19 мамырда депутат Әділ Жұбанов "Самұрық-Қазына" қорын таратуды ұсынды. Ол бір де бір отбасы мүшесі кәсіпкерлікпен айналыспаған, бірақ бізде өте бай тұратын азаматтарды білетінін, ұрлауға ыңғайлы болу үшін барлық байлықты бір қолға ұстатып қойғанымызды айта келе, "Самұрық-Қазына" қызметіне қарсы екенін, оны таратып, бәсекелестік ортаға беру қажеттігін айтты. Қаржыгер-маман Ілияс Исаев қор тараса, ескі Қазақстанның да дәуірі тәмамдалатын сияқты деп санайды. Қаржыгердің пікірінше, шетелге тоқтамай, ағылып кетіп жатқан ақшаның артында осы "үлкен құс" тұрған секілді. Ал күні кеше Мәжілісте есеп берген Жоғары палата төрағасы Әлихан Смайылов "Самұрық-Қазына" қорына аудит жүргізіліп жатқанын, соның ішінде қор топ-менеджерлерінің алған бонустарының заңды-заңсыздығы да тексерілетінін айтты.