Семейде орыс ғалымның Бөкейханов туралы кітабының тұсаукесері өтті

Dalanews 27 окт. 2021 08:10 658

Күнің кеше Семей қаласында ресейлік ғалым, Виктор Козодойдың «Алихан Букейханов: человек – эпоха» кітабының тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Виктор Иванович Козодой – Новосібір облысының тумасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор. 2012-2014 жылдары Новосібір облысы губернаторының орынбасары, 2018-2019 жылдары – Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих институтының директоры қызметтерін атқарған.

Ғылыми-зерттеу саласы ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегі революциялар тарихын, Сібірдің қоғамдық-саяси кеңістігін және тарихи тұлғалар өмірін қамтиды.

Алаш қозғалысының жетекшісі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның ғұмырнамасы мен тарихи тұлғасын зерделеуге арналған зерттеу еңбегінің тұсаукесер рәсімін тарихшы-ғалым – ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш қозғалысының орталығы болған Семей қаласында, оның ішінде Әлихан Бөкейхан есімін иеленген университет қабырғасында өткізуді ұйғарған.



Кітаптың тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жоғары оқу орындардың оқытушылары мен білім алушылары (студенттер, магистранттар мен докторанттар), әкімшілік өкілдері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, музейлер мен кітапханалардың басшылары, архив қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ тұсаукесер рәсімін әлеуметтік желілер мен ZOOM видео байланыс жүйесі арқылы Қазақстан мен Ресейден мыңдаған көрермендер тамашалады.

Екі жарым жылдан астам ғылыми ізденістерінің нәтижесінде жарық көрген еңбегінде ғалым Әлихан Бөкейханға – Қазақстан тарихындағы тұтас дәуірдің – аумақтық, саяси, қоғамдық бытыраңқылық мерзімінен бастап, Ел тәуелсіздігін алғанға дейінгі кезеңнің өн бойына ықпал еткен тұлға деген ретінде баға береді. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында айрықша рөл атқарған қайраткерді автор "дәуір адамы" деп атайды.

Кітапқа дереккөздер, материалдар мен фактілер, оның ішінде ғылыми айналымда бұрын пайдаланылмаған деректер: мұрағаттық құжаттар, мемуарлар, саяси және мемлекеттік, партия және әскери қайраткерлердің естеліктері, сол жылдардағы газеттер мен журналдардағы жарияланымдар енгізілген. Кітап тарихшыларға, қоғамтанушылар мен саясаттанушыларға, студенттерге, сондай-ақ көпшілік оқырман қауымға арналып жазылған.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі барысында ғалымға салтанатты түрде Әлихан Бөкейхан университетінің құрметті профессоры атағы берілді.

Алдағы уақытта кітап таныстырылымы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Қарағанды қалаларында өтеді. Кітапты қазақ тіліне аудару жұмыстары да қолға алынды.

Рекомендовать
Последние новости