Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей медицина университетіне барып, оқу орнының қызметімен танысты, - деп хабарлайды Dalanews.kz
Қазіргі таңда университетте 6 мыңнан астам студент оқиды. Оқу орнына қарасты филиалдарды қоса алғанда 3167 адам жұмыс істейді, 400-ден астам профессор-оқытушы қызмет етеді. Олардың ішінде 35 ғылым докторы, 133 ғылым кандидаты, PhD докторлар мен тәжірибелі медицина мамандары бар. Университет құрамында 60-қа жуық кафедра мен ғылыми-зерттеу бөлімшелері жұмыс істейді.
Оқу орны халықаралық серіктестікке басымдық береді. Әлемнің 70-тен астам жетекші университеттерімен байланыс орнатқан. Шетелдік студенттер қатары жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда 10-нан астам елдің 500-ге жуық азаматы осында оқып жүр.
Облыс әкімі университеттің бас корпусындағы музейді, кітапхананы, виртуальды бейнестудия залдарын аралап, ардагер ұстаздармен, оқытушылармен, студенттермен кездесті.
Оқу орнының ректоры аймақ басшысына «Цифрлық университет» жобасын таныстырды.
Аймақ басшысы университет жанындағы 465 орындық госпитальде болды. Мұнда жыл сайын 20 мыңнан астам науқас емделіп, 37 мыңға жуық азамат амбулаториялық көмек алады.
Аймақ басшысы медициналық мекемедегі компьютерлік томограф, ангиограф құрылғыларының, операциялық блоктардың жұмысымен танысып, телемедицина орталығы мен балалар стационарын аралады. Педиатрия бөлімінде емделіп жатқан балалардың хал-жағдайын біліп, оларға сыйлықтар ұсынды. Университеттік госпитальде бірқатар өзекті мәселелер бар. Ғимараттың шатыры, ішкі бөлмелері мен инженерлік желілері, компьютерлік томограф жаңартуды қажет етеді. Қазан айынан сәуірге дейінгі эпидемиялық маусымда балаларға арналған пульмонологиялық төсек орындары жетіспейді.
Нейрохирургия және неврология бөлімдерінде емделуші саны көп болғандықтан орын тапшылығы сезіледі. Университет ректоры Алтай Дүсіпов облыс әкіміне госпиталь жанындағы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты бос тұрған үш қабатты ғимаратты жаңғыртып, нейроинсульт орталығына айналдыру туралы ұсынысын жеткізді.
Аймақ басшысы Семей медицина университетінің өңірдің денсаулық сақтау саласында алатын орны зор екенін атап өтті.
«Семей медицина университеті – аймаққа ғана емес, елімізге медициналық кадр даярлап отырған жетекші оқу орындарының бірі. Түлектері Алматы, Астана қалаларындағы республикалық денсаулық сақтау нысандарында жұмыс істеп жүр. Білім ордасының клиникалық базасы, ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымы аймақ медицинасының дамуына тікелей әсер етеді. Бүгін арнайы келіп, университеттің тыныс-тіршілігімен, атқарылған жұмыстармен, жоба-жоспарлармен таныстым. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Абай облысында жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша көрсеткіш өте жоғары. Сондықтан нейроинсульт орталығын ашу бастамасын қолдаймын. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз. Бірлесіп жұмыс істейтін боламыз», - деді облыс әкімі.