Семей полигонының жері шетелдік компанияға берілді — Бектенов құжатқа қол қойды

Қаракөз Амантай 31 мар. 2025 11:48 13926

Үкімет бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағынан 71,37 гектар жер телімін Altyn Group Qazaqstan компаниясына беру туралы қаулы қабылдады. Тиісті құжатқа премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Altyn Group Qazaqstan Ұлыбританиялық A Gold Plc компаниясына тиесілі. Бұл кәсіпорын Абай облысындағы Үлкен Қарашоқы кен орнын игеріп, алтын өндіру көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Үкіметтің қаулысына сәйкес, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы бос жатқан жерлер өнеркәсіптік мақсаттарға арналған санатқа ауыстырылған. Altyn Group Qazaqstan компаниясына бұл аумақ 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен берілді.

Осыған байланысты кәсіпорын республикалық бюджетке ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған шығындарды өтеуге міндетті.

2024 жылдың соңында компания Абай облысындағы байыту фабрикасын жаңғырту жоспарын ұсынған. Бұл жаңғырту нәтижесінде кәсіпорын бұрынғы Семей ядролық полигонындағы кен орнынан ғана емес, сондай-ақ қалдық қоймаларындағы шикізаттан да мыс пен алтын өндіруге мүмкіндік алады.

Сонымен қатар Altyn Group Qazaqstan Павлодар облысындағы Майлықара кен орнында алтын-күміс өндіруді бастауды көздеп отыр. Бұл кен орны да бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағында орналасқан. Компания 2028 жылға дейін бұл жерді толық игеруді жоспарлауда.


Рекомендовать
Последние новости