Сайлау – 2023. Партиялардың бүгінгі үгіт-насихат жұмыстары

Dalanews 20 февр. 2023 13:53 957

Елімізде ҚР Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқаны жарияланып, қазіргі уақытта үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталып. Осыған орай 20 ақпан күні партиялардың өңірлерде атқарған жұмыстары туралы қысқаша тоқталуды жөн көрдік, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

 

«Ауыл» партиясы. Үміткерлер полиэтилен-агро ұжымымен кездесті

 

Тараз қаласында «Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер «Полиэтилен-Агро» ЖШС еңбек ұжымының 70-тен астам қызметкермен кездесті. Олар кәсіпорын жұмысымен, шығаратын өнімдерімен танысып, даму жоспарын талқылады.

Кандидат Жигули Дайрабаевтың айтуынша, қазіргі ауыл тек мал шаруашылығы мен егіннен ғана емес, ол, ең алдымен, мәселені кешенді шешуден тұрады.

«Полиэтилен-Агро» ЖШС 10 м дейінгі жылыжайларға арналған кәсіби, көпжылдық үлдір өндіреді. Кәсіпорын 2021 жылы «Uly Dala goods» брендімен сапасы жағынан әлемдік аналогтардан кем түспейтін шөп тайлайтын полипропиленді шпагат шығаруды қолға алды.

 

Respublica партиясы «Жақтастармен» кездесті

Respublica партиясының жетекшілері мен депутаттыққа кандидаттары Жетісу өңіріне барды. Сапар барысында партиялықтар облыстағы бірқатар елді мекен мен Талдықорған қаласында болды. Облыс орталығында «Жақтастар» форумы мен партия жетекшілерінің, депутаттыққа кандидаттардың және республикалық сайлауалды штаб мүшелерінің қала халқымен кездесуі өтті.



Жиныда партия мүшелері, жергілікті кәсіпорындардың жұмысшылары, азаматтар мен қоғам белсенділері еліміздің дамуы мен өркендеуіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын да жеткізді.

Respublica партиясының мүшелері Жетісу өңіріне сапары барысында Кербұлақ ауданы Сарыөзек қаласының тұрғындарымен де кездесіп, проблемаларын тыңдады.

 

"Байтақ" – экологияға алаңдаулы

"Байтақ" жасылдар партиясына тиесілі

Түркістан облысы – елімізде экология жағынан қолайсыз алты өңірдің бірі. Ал Шымкент қаласы пайдаланылған автокөлік газына ең көп ластанған алғашқы үш шаһардың қатарында. Мұнда ауаға таралатын зиянды заттардың 70 пайызын осы көліктен бөлінетін газ құрайды. Оның үстіне құрғақшылық мәселесі де өзекті.

"Байтақ" жасылдар партиясының өңірлік штабы 2023 жылғы 20 ақпанда Түркістан облысының Сайрам және Шымкент қалаларында Сайрам-Шымкент-Түркістан бағытымен автобус турын бастады. Аталған іс-шараға Түркістан облысы мен Шымкент қаласы штабының мүшелері, Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан мәслихатқа кандидаттары қатысты.

Акция ірі қалалар мен өңірлердің экологиялық мәселелеріне, ауаның, су қоймаларының және ландшафттың ластануының жоғары деңгейіне назар аударуға бағытталған. Міндет-таза қоршаған ортаны қорғауға, табиғатқа ұқыпты қарауға, таза энергия мен өнеркәсіп құруға және адамдардың денсаулығын сақтауға шақыру.

 

Көпбалалы отбасыға көмек. ҚХП бағдарлама ұсынды

Қазақстан Халық партиясы мен Қазақстан аналарының бірлестігінің ұйымдастыруымен республикалық деңгейде Қазақстан Аналарының Құрылтайы өтті. Шараға еліміздің түпкір-түпкірінен делегаттар қатысты.

Күн тәртібінде көпбалалы, жалғызбасты және ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналардың әлеуметтік мәселелері қарастырылды.

Жиын барысында үйдің үлкені кәмелетке толғаннан кейін аналар көпбалалы мәртебесінен айырылатыны әділетсіздік деп ашынды көпшілік. Себебі, «Көпбалалы ана» мәртебесі болмағасын, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден де құралақан қалады.

Сонымен қатар жас отбасыларға берілетін ипотекалық жеңілдіктер, ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламалары мен көпбалалы аналарға ұсынылатын мемлекеттік қолдаулар бойынша ұсыныстар сөз болды.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – мүгедек баланы тәрбиелеп отырған аналар жайы. Себебі, жыл сайын ата-ана баласының мүгедектігін үнемі дәлелдеуге мәжбүр. Осы орайда медициналық-әлеуметтік сараптамалардың жұмысын қайта қарастыру керек.

Осы орайда мемлекеттік алимент қорын құру қажет екені айтылды. Бұл алимент төлеуден жалтару мүмкіндігін болдырмауға көмектеседі. Яғни, мемлекет жалғызбасты аналарға қордан қаржы төлейді. Ал оны аталған қор борышкерлер есебінен қайтарып алады.

Рекомендовать
Последние новости