Сахнадағы Джей Ло, саясаттағы Ердоған: Қазақстан Мәскеуден алшақтаудың мәдени-саяси формуласын тапты

Сағыныш Сардарова 05 авг. 2025 10:02

Журналист, сарапшы Амангелді Құрметұлы кейінгі өзекті саяси тақырыптар турасында ашық пікір білдірді, хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшы ең алдымен америкалық поп-жұлдыз, әнші Джей Лоның Қазақстанға сапарының артында қандай саяси мән тұрғанын тарқатып берді.

"Әлбетте, әлемдік жұлдыздардың біздің елге келгені баршамызды қуантады. Көптеген мүмкіндік сыйлайды. Үйімізге келген әншінің концертінің, былайша айтқанда, билетін бөліп төлесек те алуға тырысамыз. ...Мұндай құбылыстардың, шетелдің ірі жұлдыздарының Қазақстанға сапарының астарына үңіліп көру керек. Джей Ло Қазақстанға келген кезде көрерменді сыйлады деп бағалайық. Екіншіден, әлемдік жұлдыздардың Қазақстанға келе бастауы 2022 жылдан басталған. Яғни Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін ТМД кеңістігіндегі ірі мәдени орталық саналатын Петербор, Мәскеу қатардан шығып қалды. Әлемдік жұлдыздар "мұндай аргессор елге жоламаймыз" деген позиция ұстана бастаған. ...Бұрын осындай шараларды ұйымдастырып жүрген Мәскеу мен Петербордың қатардан шығып қалуы біздің пайдамызға жарап жатыр. Өз басым жақсы құбылыс деп бағалаймын. Азды-көпті тиын-тебен де экономикамызға оралады", - деді журналист "Қасқа жол" арнасына берген сұхбатында.

Жуырда Президент Анкараға барып қайтты. Сарапшы Амангелді Құрметұлы "осы сапардан кейін солтүстіктегі көршімен қарым-қатынас өзгеруі мүмкін бе?" деген сауалға жауап берді.

"Ресейліктер оны шуылдатып жатыр. Оның үстіне "Ердоған өзі жеке шақырыпты, айрықша құрметпен қарсы алды" деген сияқтыдан шығады. Шын мәнінде ресми билік салқындыққа (қарым-қатынастағы - еск.) жол бермейді. Өйткені Ресейдің өзі оған апара қоюы неғайбыл. Неге десеңіз Қазақстанмен араны ашып алу оларға тиімді емес", - деді сарапшы.

Амангелді Құрметұлының пікірінше, Ресейге Қазақстанмен жылы байланыс орнатудың мынадай себептері бар: еліміз - Ресей үшін жақсы нарық, санкцияға ілінбеген дүние-мүліктің сыртқа сатылуына мүмкіндік беретін аймақ, Ресейдің біраз транзиті де Қазақстан арқылы өтеді.

"Қалай болғанда да Орталық Азия мемлекеттерінің, Түркі мемлекеттерінің өзара байланысы күшейіп келе жатыр. Түркі ынтымақтастығына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Түркия да Ресейдің жақсы сауда әріптестерінің бірі. Түркия билігінде бір қызық құбылыс бар: аяқ астынан Әзербайжанды қалай қолдап жіберсе, Қазақстанды да солай қолдай салуы мүмкін. "Қазақстанмен дұрыс қарым-қатынас жасамаса, біз де Ресеймен қатынастарымызды қайта қараймыз" деген мәлімдеме жасап, ешкім күтпеген қадамға бара салуы ықтимал мемлекет", - деді ол.

Сондай-ақ, сарапшының пікірінше, Түркиямен қарым-қатынас Ресей мен Қазақстан арасында қандай да бір салқындық орнататындай фактор емес. 

"Түркиямен бұған дейін де жақсы қарым-қатынаста болғанбыз, бұдан кейін де жақсы қарым-қатынаста боламыз. Осы жолғы айқай-шуға (ресейліктердің шошуына - еск.) себеп болған фактор - маусымның соңындағы Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас мәселесі. Әзербайжан аяқ астынан Ресеймен кикілжіңге келіп қалды. Этникалық әзербайжандардың өлтірілуіне, оларға қысым жасалуына байланысты Әзербайжан жалын күдірейтіп, өз ішіндегі ресейлік журналистерді қуып шықты, қысым жасады, әртүрлі айып тақты. Кәдімгідей Ресейге қатқыл сөйледі. Желтоқсанда Әзербайжан ұшағы құлауына байланысты кешірім сұрау мен өтемақыны талап еткен ғой негізі. Содан кейін қалыптасып келе жатқан ішкі кикілжің. Әлиевтің өзі мәлімдемесінде Ресейді тұспалдап біраз әңгіме айтып тастады", - дейді ол. 

Амангелді Құрметұлы Ердоған Тоқаевқа көрсеткендей құрметті көп ешкімге көрсете бермейтінін де айтты.

"Орыстың төбе шашын тік тұрғызатындай ештеңе болған жоқ. Он сегіз келісім жасалды. Таза экономикалық сипаттағы келісімдер, мәдени-гуманитарлық сипаттағы келісімдер. Былайша айтқанда, бәрі бас жарып, көз шығаратын дүние емес. ...Саясатта месседж деген болады. Тоқаев пен Ердоғанның қол ұстасып жүруі. Ресми сапарының өзінде Түркия президентінің күтіп алуы. Әдетте көп адамды Ердоған олай күтіп ала қоймайды. Кейінгі 4-5 жылда үш-төрт адамды күтіп алған. Сондай әрекеттер Ресейді "ойбай, бұлар жақындасып жатыр" дегенге алып келді... Бірақ, шамасы, кездесуде қорғаныстан бастап деген әңгімені айтуы (Ресейдің - еск.) шамына тиген сияқты. Президенттің сапарының алды-артында Түркия өздерінің жаңа бірнеше қаруын сынады. Айталық үлкен аумақты қопаратын бомба жасады", - деді сарапшы.

Еске салайық, 28 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаевт Түркияға ресми сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкара қаласының "Есенбоға" әуежайында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. 29 шілдеде мемлекеттер басшылары қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту перспективасын талқылап, келіссөз жүргізді. Бұл туралы Dalanews.kz кеңінен жазған еді.


Рекомендовать
Последние новости