Сатыбалды? Орталық билік Алматыны бақылауға сенімді кадрын жіберді — сарапшы

Қаракөз Амантай 26 мая 2025 14:27

24 мамырда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қызметінен босатылып, оның орнына Түркістан облысының бұрынғы әкімі әрі Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды тағайындалды. Dalanews.kz сайтына пікір білдірген саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов бұл тағайындауды жай кадрлық өзгеріс емес, орталық биліктің ірі мегаполиске бақылауын күшейтуінің белгісі деп бағалады.

"Жақында болған ауыс-түйіске келетін болсақ, айталық, Дархан Сатыбалды еліміздің экономикалық драйвері болып есептелетін Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Сатыбалдының бұған дейін Түркістан облысында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда жинаған тәжірибесі бар. Ол — иерархиялық басқару жүйесі орныққан өңірде жұмыс істеген, жергілікті және орталық билік құрылымдарында ысылған тұлға. Сонымен қатар Президент Әкімшілігінде жауапты қызмет атқарғандықтан, орталық элитамен тығыз байланысы бар кадр", - дейді ол.

Оның сөзінше, Алматы – республикалық маңызы бар қала ғана емес, сондай-ақ түрлі идея мен наразылықтар жиі байқалатын, протестік көңіл күйі басым орталық.

"Алматы — қарапайым құрылымды қабылдай қоймайтын қала. Мұнда қоғамдық сұраныс күрделі әрі көпқырлы. Бұл — саяси оқиғалардың эпицентрі, Қаңтар оқиғасы дәл осы қалада басталғанын ұмытпау керек. Сол себепті Алматы қаласына әкім болу — қарапайым әкімдік қызмет емес, саяси жауапкершілігі аса жоғары міндет", - деп қосты ол.

Саясаттанушы Сатыбалдының бұл лауазымға келуі бірнеше деңгейдегі мәнге ие екенін жеткізді.

"Біріншіден, оның бейімделу қабілеті шешуші фактор болмақ. Алматы — Түркістан емес. Мұнда тек басқару емес, тыңдау, келісу, қоғаммен әріптестік орнату маңызды. Қала халқы әртүрлі әлеуметтік топтардан құралған, саяси белсенділігі жоғары, кез келген өзгеріске үн қатып отырады. Осы тұрғыдан келгенде, әкімнің басқару стилі инклюзивті болуға тиіс.

Екіншіден, бұл тағайындау элиталық баланстың өзгеруін білдіреді. Сатыбалды — оңтүстік аймақтық элитаның өкілі. Ал Алматы — дәстүрлі түрде орталық элита ықпалындағы қала. Мұндай тағайындау — Президенттің аймақтық элитаға сенім білдіруінің, сонымен қатар саяси транзит жағдайында элиталар арасындағы консенсусты қайта құрудың бір көрінісі", - дейді ол.

Сарапшы екі әкімнің басқару стилін де салыстырып өтті.

"Бұрынғы әкім Ерболат Досаев технократ ретінде танылды. Ол шешімдерді экономикалық есепке сүйене отырып қабылдайтын, жоғарыдан төменге бағытталған басқару жүйесінің өкілі еді. Ұлттық экономика министрі, Ұлттық банк төрағасы болған тәжірибесі оның билік стиліне де әсер етті. Қаңтар оқиғасынан кейін ол Алматыны экономикалық тұрғыдан тұрақтандыру үшін келді. Оның басқаруында қаржылық рационализм басым болды. Досаев халықпен кездесулер өткізуге тырысты, алайда бұл диалог көбіне формалды сипатта қалды. Бәлкім, Алматыда форматты өзгерту қажет шығар. Яғни тек залдарда немесе жабық кабинеттерде емес, қаланың әр ауданына шығып, тікелей диалог орнату керек. Мысалы, Талғар ауданы әкімінің жұмысы – осыған үлгі бола алады. Алматы – көлемі үлкен, инфрақұрылымы күрделі қала. Сондықтан әкімнің гиперактивті, ашық стильге көшуі қажет.

Президенттің "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын жүзеге асыру үшін ашық байланыс керек. Алматы тұрғындары – белсенді. Олар қала кеңістігіндегі кез келген өзгеріске үн қатады. Соның ішінде инфрақұрылым мен көгалдандыру мәселелеріне қатысты бұрыннан үлкен наразылықтар болған. Байбек, Сағынтаев, Досаев тұсындағы бірқатар жобалар қоғамдық наразылық тудырды. Сондықтан кез келген шешім тек әкімшілік бұйрықпен емес, ашық диалогпен, қоғамдық келісіммен қабылдануы керек", - дейді ол.

Айтуынша, Түркістанда жол, газдандыру, туризм мен құрылыс салаларын дамытуға үлес қосқан әкім енді Алматы сынды күрделі мегаполисте де осы тәжірибесін қолдануға тиіс.

"Алайда мегаполис деңгейіндегі міндеттер әлдеқайда ауқымды. Қалада көлік реформасы өзекті: метро желілерін көбейту, жолайрықтар салу, көлік кептелістерін азайту қажет. Бұл — кезінде Тасмағамбетов көтерген, кейін назардан тыс қалған мәселе", - дейді ол.

Оның сөзінше, қоғамдық кеңестердің жұмысын қайта форматтау қажет.

"Қоғамдық кеңес – белсенді болғанымен, әлі де болса әкімдікпен байланысы тереңдей түсуі тиіс. Алматының сегіз ауданы және оның маңындағы елді мекендер жыл сайын өсіп келеді. Боралдай, Талғар бағытында жаңа аудандар пайда болуда. Бұл — инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктемені еселейді. Демек, құрылыс пен қала кеңістігін дамытуда стратегиялық көзқарас қажет.

Құрылыс мәселесіне келсек, қала ішінде тығыз құрылыс жалғасып жатыр. Бұған да стратегиялық көзқарас қажет. Себебі алматылықтар кез келген құрылысқа қатысты өте сезімтал. Сондықтан қаладағы кез келген шешім – қоғамдық келісіммен, ақпараттық түсіндірумен қатар жүруі керек. Алматы халқы кез келген құрылысқа өте сезімтал қарайды", - деп қосты ол.

Саясаттанушы Сатыбалдының келуі — орталық биліктің Алматыдағы бақылауды күшейтуінің белгісі деп санайды.

"Бұл, бір жағынан, Қаңтар оқиғасының қайталанбауына жол бермеу, екінші жағынан – саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жасалған қадам.

Ресми емес тұрғыда аталған тағайындау — элиталық келісімді қайта құру әрекеті. Президент қазіргі транзит кезеңінде өзіне сенімді кадрларды тек орталықта емес, аймақтарда да орнықтырып жатыр. Бұл – билік құрылымындағы ықпал картасын қайта сызудың, сенімді тұлғалар арқылы аймақтарды бақылауға алудың белгісі.

Қорытындылай келгенде, Сатыбалды үшін Алматы — үлкен сынақ алаңы. Бұл — Түркістан емес. Мұнда тек басқару емес, тыңдау мен келісу, серіктестік пен сенім құру — негізгі талап. Орталық билік бұл қалада толық бақылау орнатқысы келеді. Себебі Алматы — әлеуметтік импульстың қайнар көзі. Ал жаңа әкім – осы процестің діңгегіне айналуы тиіс. Оның табысы — тек әкім ретіндегі жұмысы емес, қоғаммен өзара сенім орнату деңгейіне байланысты бағаланады", - деп қорытындылады саясаттанушы.


Рекомендовать
Последние новости