2025 жылғы 1 маусымда қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 22,9 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 4,6 трлн теңгеден астамы сырттай басқаруға жатады. Биылғы жылдың бес айдағы кірістілік деңгейі орташа, ал таза инвестициялық табыс 152 млрд теңгені құрап, сарапшылар қауымы тарапынан қатты сынға ұшырады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірақ экономист Руслан Сұлтановтың бұл ретте айтар өз уәжі бар.
"Факті бойынша сөйлесейікші. БЖЗҚ деген қандай да бір венчурлық қор емес, ол табиғатынан консервативті болып келеді. БЖЗҚ-ның негізгі міндеті – ақшаны барынша көбейту емес, оны сақтау. Сондықтан да мұндағы активтердің құрылымы болжамды түрде консервативті болып келеді", - дейді ол.
БЖЗҚ активтерінің құрылымы демекші, ондағы үлес мынандай:
- 44% - ҚР мемлекеттік қағаздары
- 15% - шет мемлекеттердің егеменді облигациялары
- 14% - қазақстандық компаниялардың қағаздары
- 20% - сыртқы сенімгерлік басқаруда.
"Көбірек кірісті қалайсыздар ма? Ондай құралдар бар, мәселен маусым айындағы жағдай бойынша: ерікті зейнетақы сегментіндегі жеке басқарушы компаниялар айналымында 62,3 млрд теңге жүр. Бұл, әзірге жаппай сипатқа ие жайт емес. Бірақ, бұл -тжинақтарды жекелендірудің жолы, яғни бұл арада стратегияны таңдауға, кірісті бағалауға, менеджерді өзгертуге болады", - дейді экономист.
Оның айтуынша, Қазақстандағы жинақтау жүйесі тұрақты және ауқымды сипатқа ие.
"Зейнетақы активтері ұзақ мерзімді инвестициялар екенін есте ұстаған жөн, сондықтан олардың басқару тиімділігін тек жылдық және одан да көп кезеңдер есебіне сүйене отырып, бағалауға болады. Бірақ ең бастысы, ол арада таңдау, ақша және инфрақұрылым бар. Бұл арада мәселе жұмыс істемей жатқандығында емес, көптеген адамдар рұқсат етілген өз құқығының пайдаланбауында", - дейді Руслан Сұлтанов.
Бұған дейін БЖЗҚ кейбір ел азаматтарына кезінде төлеген жеке табыс салығын қайтара бастайтынын жазғанбыз. Бұл шара қордан өз қажеттіліктері үшін 2021-2023 жылдары біржолғы зейнетақы жинақтарын алғандарға қатысты екенін еске сала кетелік.