Санкция салғаннан орысқа ақыл кіре ме?

Dalanews 10 мар. 2018 14:13 778

Украинадағы жағдайларға байланысты АҚШ-тың Ресейге қатысты дайындаған санкциясы қаншалықты нәтиже береді? Жаңадан қабылданған санкциялар Ресейдің экономикасына ауыр соққы болып тиетіні айтпаса да түсінікті.

 

Қауқарсыз олигарх

Бірақ ойлаңызшы, Ресейде нарықтық экономиканың заңдылығы бойынша жұмыс істейтін экономика бар ма? Жоқ. Ресейдің экономикасы ақшалы топтарды қалтасын қампитатын жүйе деп атаса болады.

Меніңше, АҚШ-тың Мемлекеттік департамент қызметкерлері Ресей экономикасын шығынға батырып, ормандай орысты Путинге қарсы қоямыз десе қатты қателеседі.

Олигархтар арқылы Кремльді қысымға алу "технологиясы" да Путинді райынан қайтара қоймасы анық. Қайта АҚШ бастаған батыс елдері Ресейдің олигархиялық экономиксына қысымды күшейтіп, Путиннің алдына байшыкештерді жығып бергендерін өздері де байқамай отырған сыңайлы.



Әңгіменің ашығын айтсақ, бүгінде Ресейде билікке қарсы тұратындай табанының бүрі бар олигархтар да қалған жоқ. Мұны Ресейдің ардагер журналисті Владимир Познердің өз бірнеше рет айтқаны есімізде.

Қазір миллиардтаған долларды қалтаға басқан олигархтар ақша мен жақсы өмір сүретін мүмкіндіке ие. Бірақ олардың Кремльге қарсы саяси амбициясын көрсететіндей қауқары қалған жоқ.

Сондықтан АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге бірқанша ауыр санкциялар салып, олигархтар арқылы Путинді тақтан тайдырамыз дегені іске асуы өте қиын шаруа.

АҚШ пен Батыста экономикаға, қаржыға, дүние-мүлікке қатысты ғасырлар бойы қалыптасқан көзқарас бар. Айталық, АҚШ-тағы ауқатты жандары (оларды олигарх деп айтуға аузың бармайды) миллиардтаған долларға бағаланатын дәулетіне табанды еңбектің арқасында қол жеткізгені белгілі.

Ал осындай мехнат тірлікпен тапқан дәулетіне қандайда бір топтар күш салса, олар жан аямай күреске шығатыны белгілі.

Ал Ресейдің (посткеңестік елдер деп қабылдасаңыз да болады) олигархтары коммунистік қоғамнан қалған қыруар дүние-мүліктің бір-ақ күнде қожасы болып шыға келгенін жұрттың бәрі біледі.

Осындай оңай жолмен аз күнде байыған жандар компанияларының мүддесі үшін жан аямай күреседі дегенге кім сенеді. Олигархтар билік қаласа, заматта сол мал-мүліктің тең жартысынан айыралатынын жақсы біледі. Путин оларды осындай құрбандыққа баруға даяр болуға жылдар бойы дайындағанын да ұмытпауымыз керек.

Сол себепті күн сайын осындай күмән-күдікпен ғұмыр кешетін Ресейдің олигархтары билікке қарсы батыл әрекетке барып, Путинді тағынан төңкеріп тастай алмайды. Бойындағы үрейін жеңе алмаған олигархтар орыс халқын ұшпаққа шығарады дегенге кім сенеді. Жалпы бұл посткеңестік елдерге тән қасиет.

Желіккен жұрт

АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциялары олигархтарға, жекелеген компанияларға, тіпті Ресейдің экономикасына қатты әсер ететіні анық. Бірақ осы санкциялардан жапа шеккен олигархтар мен қарапайым халық Кремльдің қазіргі қожайыны Путинге қарсы шықпайды. Біз білетін орыс халқы тағдырдың тауқыметін көрген сайын өмірге алакөзденіп, айналасынан жау іздейтін романтик халық емеспе? Мұны біз тарихи оқиғалардан жақсы білеміз.

Бұған бір мысалды келтіре кетейін. Бүгінде Сирияда исламшыл топтармен күресіп жүрген Ресейдің "Вангер" деп аталатын жеке әскери ұйымы таяуда АҚШ-тың әуе күштерінің нысанасына ілігіп, біраз сарбазынан айырылғанын дүниежүзінің ақпарат құралдары жарыса жазды.

Алғашында Ресейдің сыртқы ведмоствасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, мерт болғандардың арасында Ресейдің әскерилері жоқ екенін айтты. Бірақ кейіннен апта айналмай жатып, бар шындықтың беті ашылып, майдан даласында мерт болғандардың "Вагнердің" сарбаздары екені белгілі болды.

Ең қызғы, сол кезде күнкөрістің қамымен Сириядағы соғысқа ақша үшін аттанған қарапайым орыстың офицерлерінің соңында аңырап қалған жесірлері өздерін осындай күйге түсірген Путинді айыптаудың орнына "біздің ер азаматтарымыздың өлімі бекер болмасын, өш алыңдар" деп ақылға симайтын әңгіме айтқанына куә болдық.

Ал осындай халықпен Путинді биліктен тайдыруға бола ма? Бұл тіпті мүмкін емес. Осы бір жайттардан-ақ АҚШ-тың Ресейге салған санкциялары өзінің тиімділігін көрсете алмайтынын байқауға болады.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист

Рекомендовать
Последние новости