Сан мен сапаның үйлесімі: құрмет төріне шыққан құрылысшылар

Қаракөз Амантай 10 авг. 2025 13:19

Тамыз айының екінші жексенбісі құрылысшылардың кәсіби мерекесі. Құрылыс экономика мен инфрақұрылымды алға сүйреп келе жатқан аса маңызды сала.

Қаланы көркейтіп, ауылдың ажарын ашатын да осы саланың еңбеккерлері. Алты жыл ішінде ел аумағында шамамен 98 млн шаршы метр баспана бой көтерген, бұл кезеңде 870 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады.

Ал биылдың өзінде алғашқы алты айда 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Саланың сенімді түрде дамып келе жатқанының бір айқын дәлелі осы.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, құрылысқа салынған инвестиция көлемі тұрақты түрде артып отыр. Соңғы алты жылда бұл салаға 15,4 трлн теңге тартылды. Ал осы жылдың алғашқы жартысында тағы 1,5 трлн теңге инвестиция құйылды.

Бұл қаражат тек қана тұрғын үй құрылысына жұмсалмай, әлеуметтік бағыттағы жобаларды іске асыруға да арналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да саладағы қарапайым мамандардың беделін арттыруға жасалған нақты қадам болды.

Құрылыс саласы адами капиталға тәуелді бағыттардың бірі. Бүгінде бұл салада еңбек ететін 106 мыңнан аса маманның орташа жалақысы 485 мың теңгені құрап отыр, бұл елдегі орташа айлықтан 15 пайызға жуық жоғары. Алдағы уақытта Қазақстан бойынша еңбек нарығында 3 млн маманға сұраныс туса, соның 210 мыңы құрылыс саласынан болмақ.

Сол қажеттілікті қамтамасыз ету үшін мемлекет техникалық және кәсіптік білімді дамытуға басымдық беріп отыр. Биылдың өзінде 77 мыңнан аса білім гранты бөлінсе, соның ішінде құрылыс пен инженерия бағытында 22 мыңнан аса маман даярланбақ.

Қазір колледждерде осы сала бойынша 160 мыңдай студент білім алуда. Олардың 82,7%-ы оқуды тәмамдағаннан кейін бірден құрылыс саласында жұмыс табады. Сонымен қатар, ауылдарда жалға берілетін тұрғын үй салатын кәсіпкерлер биылдан бастап мемлекеттен 5 млн теңгеге дейін субсидия ала алады.

Елдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Былтырдың өзінде Қазақстанда 19,1 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, рекордтық көрсеткішке қол жетті. Ал пайдалануға берілген пәтерлердің жалпы саны 173 мыңнан асты.

Жеке тұрғын үй құрылысына да баса назар аударылуда. Соңғы бес жылда 183 мыңнан астам жер учаскесі инженерлік желілермен толық қамтамасыз етілді. Бұған қоса, әлеуметтік осал топтарға жеңілдетілген ипотека және жалдамалы тұрғын үй бағдарламалары арқылы 77 мыңнан астам пәтер берілді. «Отбасы банкінің» қолайлы ипотекалық бағдарламалары арқылы 80 мыңға жуық отбасы баспаналы болды.

Қазіргі құрылыс саласы тұрғын үйден бөлек, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға да бағытталған. Кейінгі алты жылда қалалардың 99,3%-ы, ауылдардың 97,5%-ы таза ауыз сумен қамтылды.

Жаңа жолдар салынып, көпірлер тұрғызылып, кәріз жүйелері де жаңартылып жатыр. 2023–2029 жылдарға арналған арнайы тұжырымдама аясында республикалық бюджеттен өңірлердегі көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге 0,1 пайыздық жеңілдетілген кредиттер бөлінуде. Тек өткен жылдың өзінде ғана 233 көпқабатты тұрғын үй толықтай жөнделіп, мыңдаған отбасының өмір сапасы жақсарды.

Құрылыс саласы кез келген төтенше жағдайда елмен бірге сынға түседі. 2024 жылғы су тасқынынан кейін мамандардың бірлескен жұмысының арқасында қысқа мерзім ішінде 9 мыңнан аса үй қалпына келтіріліп, 2700 жаңа үй салынды. Сондай-ақ зардап шеккен өңірлердегі жол, электр желілері мен әлеуметтік нысандар толықтай қалпына келтірілді.

Саланы цифрландыру мен инновациялық технологиялар да қарқынды түрде енгізілуде. «e-Qurylys» жүйесі және қала құрылысы кадастры сияқты бағдарламалар құрылыс үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуына ықпал етеді. Министрлік іске қосқан бірыңғай цифрлық экожүйе құрылыс үдерісін толық автоматтандыруды көздейді. Қазір елдегі инженерлік инфрақұрылымның 90 пайыздан астамы цифрландырылды.

Министр Ерсайын Нағаспаев айтқандай, құрылыс саласы – елдің экономикалық дамуы мен өмір сапасын арттырудың негізгі қозғаушы күші. Бүгінгі құрылыс алаңы тек ғимараттар тұрғызу ғана емес, қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастырудың алаңы. Осы міндетті абыроймен атқарып жүрген құрылысшылар қандай құрметке де лайық.


Рекомендовать
Последние новости