«Самұрық-Қазына» қоры Алматы тұрғындарын таза энергиямен қамтамасыз етпек

Dalanews 28 апр. 2023 10:48 855

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Алматыға жасаған жұмыс сапарында қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесіп, қаладағы ЖЭО-тердің жұмысымен танысты. Осы ретте қор басшысы қалада көмірден газға ауыстыруды жоспарлап отырған ЖЭО-2 жұмысмен танысты.

1980 жылдары салынған ЖЭО-2 Алматының былай қойғанда Орталық Азиядағы ең үлкен жылу орталығы болып саналады. Бүгінде орталық Алматы қаласының 70%-ын электр қуатымен, 40%-ын жулмен қамтуда. Сондықтан алып энергетикалық нысанда көмірден газға көшіріп, қаланың экологиялық мәселесін шешудің маңызы зор.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов

– Қазіргі таңда қор мегаполистегі халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірден бірнеше жобаны жүзеге асуда. Бұл ретте қала мен оның маңындағы ауаның ластануын азайтып, күн өткен сайын артып келе жатқан энергия тұтынуды ретке келтіру үшін алматылық ЖЭО-ны көмірден газға ауыстыру жоспарланды.

Ол үшін станцияларға жаңа газ құбырлары мен жылу желілерін жеткізу қажет. Мұндай маңызды жобаны энергетика, газ компаниялары және электр желілері бойынша операторы бар «Самұрық-Қазына» сияқты ірі холдинг қана жүзеге асыра алады. Бүкіл қала бұл жобаны асыға күтетіп отырғанын білемін. Біздер осы бағытта қарқынды жұмыстарды бастап кеттік, – деді Нұрлан Жақыпов.


Қор басшысының айтуынша, соңғы жылдары Алматының электр желілерін дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылған. Осы ретте 38 қосалқы станция мен электр желілері салынғанын, сонымен қатар KEGOC тірек қосалқы станциялары мен «АЖК» тораптық қосалқы станцияларын біріктіріп, қаланың айналасында энергетикалық сақина құрылғанын айрықша атап айтуға болады.

Нұрлан Жақыпов Алматыдағы газға ауысуды жоспарлап отырған ЖЭО-2-ге барып, ондағы жұмыстармен танысты. Қор басшысы журналситермен тілдескенде алдағы уақытта жұмыс істеп тұрған көмір зауыттарының жанында жаңа газ электр станцияларын салып, содан кейін көмірмен жұмыс істейтін энергетикалық нысандардың жұмысын тоқтататындарын алға тартты.

– Жаңа электр станцияларын салу ісі өте ауқымды, қымбат жоба болып саналады. Осыған байланысты қор әлемнің түкпір-түкпірінен инвестициялар тартып жатыр. Өйткені жаңа энергия қуаты «Самұрық-Қазынаның» негізі жобаларының маңызды бөлігі болып табылады.

«Самұрық-Қазына» тобы экономиканы жанама түрде жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаржымен субсидиялап келеді. Бұл біздің портфельдік компаниялардың өзіндік құннан төмен шығынға ұшырайтын немесе нарықтық құннан төмен қызметтер сатылатын сома. Яғни, қор жыл сайын 1 трлн теңгеден артық ақша алмайды және осылайша жанама түрде экономиканы субсидиялайды, – деді Нұрлан Жақыпов.

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту қоршаған ортаға әсерді барынша азайтып, 2026 жылға дейін жүргізілетін болады. Оның ТЭН бойынша құны – 324,1 млрд теңге. Жобаны қаржыландыру төмендегідей жіктелген: меншікті қаражат – 9%, қор қаражаты – 11%, қарыз қаражаты – 80%-ды құрайды.


Станцияның қуатын 450 МВт-қа дейін арттыра отырып, ПМУ базасында Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңарту 2025 жылға дейін жоспарланған. Оның ТЭН бойынша құны –  272,9 млрд теңге. Қаржыландыру схемасы – ішкі қарыз – 20%, қарыз қаражаты – 80%-ды құрайды. БНАЖ келісімшартын жасасу 2023 жылдың шілдесінде жоспарланып отыр.

Одан бөлек, Алматының кабельдік желілерін 2030 жылға дейін қайта жаңарту жоспарлануда. Жобаның алдын ала құны – 83,3 млрд теңге. Қаржыландыру жүйесі – «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты – 12,3%, қарыз қаражаты – 87,7%-ды құрайтын болады. Осының арқасында электр желілерінің тозуын, электр энергиясының жоғалуын 10,7 пайыздан 7 пайызға дейін, әсері ~1,4 млрд тг/жыл жететіді деп күтілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 1 сәуірде басталды.

Н.Әубәкір

Рекомендовать
Последние новости