Сағынтаев алматылықтарды Қала күнімен құттықтады

Dalanews 19 сент. 2021 11:51 797

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының тұрғындарын қала күнімен құттықтап, алғыс айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Бүгін Алматы туған күнін тойлауда. Бұл әр адам үшін ерекше күн. Пандемияға қарамастан қала дамып келеді» деп жазды Алматы әкімі.

Биыл 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған алматылық баспаналы болады. Олардың ішінде 248 мыңнан астам немесе 4 926 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына беріледі. 1 013 көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үйге ие болады.

Ал жұмыс істейтін жастар үшін 1 050 жалдамалы пәтер қарастырылған. «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы бойынша – 1 000 жеңілдетілген несие көзделген. Бұдан басқа жекелеген санаттар үшін «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны құюға 1 млн теңгеден 2 мың тұрғын үй сертификаты көзделген.

– Жыл соңына дейін 16 мыңға жуық оқушыны қамтитын 31 білім беру нысанын пайдалануға береміз. 61 мектеп жанындағы спорт алаңдарын жаңартудамыз. 10 жабық спорт кешені салынуда, – деп атап өтті мегаполис әкімі.


Қаланы көгалдандыру бағдарламасы жалғасуда. Осы жылдың көктемінде 64 мың түп ағаш егіледі. Қазан айынан бастап тағы 350 мың ағаш отырғызылады. 22 саябақ пен сквер жөнделіп, жалпы ауданы 284 га болатын 8 жаңа саябақ аймағының құрылысы басталды.

– Біз бірге Алматыны әдемі, жайлы әрі әсем етіп көркейтеміз. Бүгін ортақ игілік үшін еңбек еткен әрбір жанға алғыс айтқым келеді! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! – деді Бақытжан Сағынтаев.

Рекомендовать
Последние новости