«Рухани керуен Түркістанда» акциясы кітапханалардың жұмысын жандандырады

Dalanews 20 сент. 2021 18:11 1101

Түркістан облысында мәдениет басқармасының үйлестіруімен «Рухани керуен Түркістанда» атты аудандық кітапханалар арасында акция басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен бастау алған шараның мақсаты – руханияттың қақ ортасында яғни Түркістанның төрінде жаңадан ашылған елімізде теңдесі жоқ «Фараб» кітапханасын облысқа таныстыру. Өңірлерге Түркістанның орталығындағы руханияттың нағыз бастауы осы «Фараб» кітапханасы екенін дәріптеу.

Аталмыш акция аясында Түркістан облысына қарасты аудандық, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі белгіленген кестеге сәйкес, әр аптаның сенбі күні «Фараб» кітапханасында әдеби-мәдени, кәсіби іс-шараларын ұйымдастырады.

«Рухани керуен Түркістанда» облыстық акциясын алғаш Сайрам ауданынан бастау алды. Іс-шараны Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Түркістан облысы мен қаласының құрметті азаматы Ж.Құлбайымбетов пен Түркістан облысының ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Е. Нұржанов ашып беріп, игі бастамаға сәттілік тіледі.

Үш бөлімнен тұратын іс-шара фаедегі кітап көрмесімен таныстырылып, үлкен сахнада «Төремұратов Түркістан төрінде» атты кездесу кешінің кейіпкері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Нұрғиса Тұрдымұратұлының шығармашылық кешімен жалғасын тапты.

«Рухани керуен Түркістанда» атты акцияның берілген шарты бойынша Сайрам аудандық балалар кітапханасының кітапханашылары мен оқырмандары «Біз болашақ кітаханашымыз!» библиокруиз іс-шарасын ұсынды.

2021 жылы – балалар әдебиеті жылы аясында Сайрам аудандық орталық кітапханасы «Ертегілер еліне ерітеміз» таспа жинағын шығарған. Таспаның тұсауын Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы, Түркістан облысы мен қаласының құрметті азаматы Ж. Құлбайымбетов және Қ.Р мәдениет қайраткері, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы Ұ. Мұстафава шешті.

Рухани көшті екінші аптада Ордабасы ауданы тізгіндеді. Іс-шара қазақтың салт-дәстүріне негізделіп, ақ жаулықты әжелеріміздің шашуымен және Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы – Ж.Құлбайымбетов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі – И.Шара және ақын, жазушы – Н.Бегалыұлы, Ордабасы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі – Қ.Жылқыбайдың лента қию рәсімімен басталды.

Ордабасылық кітапханашылар өз кезегінде арнау өлеңдерін, кітап және қолөнер көрмелерін, үш жүзді біріктірген Ордабасы жиынына 295 жыл толуына орай әзірлеген тарихи көрінісін және қазақ палуаны – Қажымұхан Мұңайтпасұлының туылғанына 150 жыл толуына арнаған әсерлі бейнелерін көрерменге ұсынды.

Сонымен қатар үлкен сахна төрінде ақын, жазушы Нармахан Бегалыұлымен кездесу кеші ұйымдастырылды. Ақын өлеңдерін жатқа айтқан оқушылар мен әншілер өз өнерлерін паш етті.

Іс-шара соңында Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Қ.Жылқыбай, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы – Ұ.Мұстафаева және Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директор орынбасары Ж.Аманжолова сөз сөйлеп, іс-шараға ат терлетіп келген қонақтар мен оқырмандарға алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, «Рухани керуен Түркістанда» акциясы 2021 жылдың желтоқсан айының соңғы апталарына дейінгі уақытты қамтиды. Акцияға өңірлердегі 1 облыстық балалар кітапханасы, 17 аудандық орталық кітапханалар, жалпы облыс бойынша оқырмандарға қызмет көрсетіп отырған 393 кітапхана атсалысатын болады. Салт-дәстүрді дәріптейтін, әдебиет майталмандарының мерейін асқақтатын облыстық іс-шара «Оңтүстікфильм» мекемесінің қолдауымен, сонымен қатар әлеуметтік желілерде, «Түркістан» телеарнасы арқылы халыққа кеңінен насихатталатын болады.

Рекомендовать
Последние новости