"Рухани жаңғыру" тың жобалармен толығады

Dalanews 09 февр. 2018 15:11 1157

Оңтүстік Қазақстан облысында былтыр Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген болатын. Бағдарламаны іске асыру бойынша облыс әкімінің төрағалығымен өңірлік комиссия және сарапшылар кеңесі құрылған. Сарапшылық кеңесінің құрамында жергілікті зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Мақалада белгіленген 6 бағыт бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсенің басшысы Бақытжан Әшірбеков мәлім етті.

Мәселен, облыста қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін өңірлік жұмыс тобы құрылып, киелі жерлердің өңірлік картасының жобасы жасалды. Қазіргі таңда «Қасиетті Қазақстан» орталығымен жалпы республика бойынша 100 нысан іріктеліп алынса,  оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан 25 нысан енгізілген. Облыс көлемінде бағдарламалық мақаланың басымдықтарын жүзеге асыру бойынша «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасын ерекше атауға болады. Мұның аясында 40-тан астам шара өткізілді.

«Облыста «Туған жер» арнайы жобасы бойынша 50 жоба дайындалып, 150-ден аса іс-шара жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен демеушілермен жалпы 31 млрд. 467 млн. теңгені құрайтын 577 өңірлік жоба жүргізіліп келеді. Оның ішінде, 2017 жылы 6342,8 млн. теңгеге 473 нысан аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы енді жаңа жобалар бойынша жүргізіледі», - деді Бақытжан Айдарханұлы.



Сонымен қатар, облыс басшысының қолдауымен тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек Жолындағы ескерткіштер» сынды деректі фильмдер  түсіріліп, ел назарына ұсынылды

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсенің бас менеджері Дамир Жүнісовтің айтуынша, Елбасының мақаласындағы аталған 6 бағыт бойынша өңірде ағымдағы жылы жаңа тың жобалар қолға алынып, атқарылатын жұмыстар жандана түседі. Атап айтқанда, түрлі тақырыпта деректі және анимациялық фильмдер, республикалық форумдар, танымдық байқаулар мен фестивальдер ұйымдастрылады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости