Рухани жаңғыру – жалпыұлттық ұстаным

Dalanews 01 июн. 2017 09:29 991

Тараз тарихи-мәдени орталығындағы Достық үйінде өткен Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясының кезекті отырысы «Рухани жаңғыру – жалпыұлттық ұстаным» тақырыбын арқау етті. Жамбыл жерінде тату-тәтті күн кешіп жатқан 80-нен астам этнос өкілдері әлемге танылған Қазақстанның ендігі межесі – дамыған отыз елдің қатарына қосылу екенін айтты. Осындай арман-мұраты бар халқымыз тағы бір жаңғыруды жүргізуге дайын.

Сессияға облыс әкімі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Кәрім Көкірекбаев қатысып, баяндама жасады. Өңір басшысы Елордамыз – Астана қаласында Елбасының төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХV сессиясында көтерілген мәселелердің мән-маңызына тоқталды. «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбын өзек еткен сессияның елдің саяси-экономикалық, мəдени-рухани өміріне тағы да бір серпіліс әкелгенін қозғады. Президент атап көрсеткендей, Ассамблея қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеру қажеттігін айтып өтті.

– Сессияда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани жаңғыруға белсене атсалысатынына сенім білдіріп, Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға тоқталып өтті. «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандастарымыз, қаншама Ассамблея белсенділері ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне қарамастан, біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек», – дей келе, біздің алдымызға үлкен міндеттер қойып, бірнеше маңызды жобаны іске асыруды тапсырды. Сондықтан, бүгінгі басқосуымыздың негізгі мақсаты – жүктелген міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыру жолдарын айқындау, – деді Кәрім Нәсбекұлы.

Облыс басшысы «Туған жер», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақстанның әлемдегі қазіргі заманғы мәдениеті», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобаларының қандай рухани серпіліс әкелгенін атап өтіп, «Ұлы Дала тарихы» мәдени-тарихи экспедициясының атқарған жұмысына тоқталды. Киелі Жамбыл жеріндегі тарихи ескерткіштер – Ақтөбе – Баласағұн, Кұлан, Өрнек, Костөбе, Ақыртас секілді 5 тарихи-мәдени мұрамыздың ЮНЕСКО тізіміне енгені бүкіл ұлттың мақтанышы екенін айтып, соңғы он жылда осы өңірде туып-өскен азаматтардың демеушілігімен он спорттық нысан бой көтергенін сөз етті.

Жиында Тараз қаласындағы «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында облыстың тарихи-мәдени орындарын насихаттау бағытында атқарылып жатқан шараларды тілге тиек етті. Меркі ауданындағы «Бахор» шаруа қожалығының мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Бабыр Хасанбаев Ұлттық бірлік пен келісім негізінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру керек екенін айтып, өзінің қолға алған жұмыстарын баяндады.

– Біз, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарының 47 шаруа қожалығы бірігіп, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрдық. Бұл да халықтың ынтымағынан бастау алатын ырзығы мол істің кепілі деп білемін. Кооперативке бірігу арқылы, мемлекеттік қолдаулардың жеңілдетілген түрлерін пайдалану мүмкіндігі туды. Бұл бірігудің маңызын несие және лизингпен техника алғанда жіті түсіндік. Біздің «Бахор» шаруа қожалығы былтыр «Ырыс» бағдарламасы арқылы 35 миллион теңгеге Ресейден 100 асыл тұқымды ірі қара алғанбыз, бүгінгі күні оның санын 208-ге жеткіздік, – дейді ол.

Жандүниенің тазалығы, рухани бірлік деген осы шығар. Талас ауданының тұрғыны, көп балалы ана Ульяна Ким ұл-қызының 5-еуін балалар үйінен асырап алған екен. Ал 4-еуі әпкесінің балалары көрінеді. Отбасылық құндылықтарды ең қастерлі ұғым деп санайтын ана үшін ана мен бала арасындағы қарым-қатынастан асқан маңызды ешнәрсе жоқ. Жиында ол осыны айтты.

Қордай ауданындағы «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Камиля Дургалова ой-өре кең болуы үшін тіл үйрену қажет дейді. «Алтын ұя мектебімді аяқтаған соң, мамандық таңдауда көп ойланған жоқпын. Елбасымыздың бізге арнаған әр сөздерінен менің санама сіңгені тілдерді меңгеру болды. Сөйтіп, «шет тілдер мен мәдениетін оқытудың теориясы мен әдістемесі» мамандығын таңдап, оқу орнына түстім. Мемлекеттік тілмен қатар, ағылшын, орыс, түрік тілдерін жетік меңгердім», дей келе мемлекеттік жастар саясаты шеңберінде атқарылып жатқан және өзі жетекшілік ететін аудандық этномәдени орталықтың жұмысына қысқаша тоқталды. Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Динара Асанова және Талас ауданындағы Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Сулхадин Мустафаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 4-ші бағытының орындалуы туралы баяндама жасап, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау бойынша қолға алған шаралардың жайын сөз етті. Сессия соңында өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Б.Муминов Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының қоғамдық орынбасары болып сайланды.

Нұрым Сырғабаев

«Ақ жол» газеті

Рекомендовать
Последние новости