Ресейлік комментатор қазақстандық жас хоккейшілерді қорлады

Самал Асқар 14 янв. 2026 15:21

Ресейдің «12-арнасы» телеарнасының комментаторы Максим Гречанин эфир кезінде қазақстандық жас хоккейшілерге қатысты бейәдеп әрі қорлайтын сөздер айтып қойған. Оқиға 12 қаңтар күні «Сибирь» – «Астана» матчының алдында болған, деп хабарлайды Dala News.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода микрофон өшірілмеген сәтте комментатордың Қазақстаннан келген балаларға қатысты дөрекі пікір білдіргені естіледі. Жазба тез арада желіге тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Кейін Максим Гречанин кешірім сұрағанымен, жас спортшылардың ата-аналары ресми шағым түсірген. Ақпаратқа сәйкес, ол эфирлерден уақытша шеттетілген.

Құқық қорғау саласының мамандары бұл жағдайдың құқықтық салдары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Юристердің айтуынша, балаларға қатысты қорлау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілік мәселесі де қарастырылуы ықтимал.

Оқиға қазақстандық жанкүйерлер арасында кең талқыланып, спорттағы әдеп пен кәсіби жауапкершілік мәселесін қайта көтерді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove