Ресейде "террорист" деген күдікпен өлтірілген екі қазақ азаматының сүйегі туыстарына әлі берілмеді

Қаракөз Амантай 28 мар. 2024 10:42 3715

7 наурызда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Калуга облысында "террорист" деген күдікпен атып өлтірген Қазақстан азаматтары Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловтың сүйегі туыстарына әлі берілмеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Азаттыққа марқұмдардың туыстары айтты.

"Еш хабар жоқ. Күтуден басқа амал қалмады" дейді Әшірәлиевтің ағасы.

Жәнібек Тасқұловтың қарындасы Әйгерім Тасқұлова "ағамның айыбы болса дәлелдесін, өлген болса денесін берсін" дейді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Әшірәлиев пен Тасқұловтың сүйегін Ресейден алдырумен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысып жатқанын жеткізді.

Азаттық Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Әшірәлиев пен Тасқұлов жөнінде сауал жолдаған, бірақ әзірге жауап келмеді.

7 наурызда Ресейдің ақпарат құралдары осы елдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған "Ислам мемлекеті" террор ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) Ауғанстандағы "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшесінің мүшелері өлтірілгені" жөнінде хабар таратты. Ақпаратта ФСБ Калуга облысындағы Коряково елді мекенінде "ұстамақ болған кезде қарулы қарсылық танытқандардың көзін жойғаны" және "олар тұрған үйден Макаров тапаншасы, Калашников автоматы, оқ-дәрі мен қолдан жарылғыш зат дайындауға арналған заттар табылғаны" айтылған.

Кейінірек ресейлік ASTRA телеграм-арнасы ФСБ Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы – Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтірген деген ақпарат жариялады. Онда Қазақстан азаматтары Ресей аумағына 28 ақпан күні барған деп көрсетілген. Сол күні Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейде екі қазақстандық қаза тапқанын растады.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейде теракт ұйымдастырмақ болған Қазақстанның екі азаматын Ресейдің күштік құрылымдары көзін жойғаны жөнінде ақпарат жарияланды. Бұл адамдарда Қазақстан азаматтығы болғандығы және Ресейге барғандығы расталады. Көрсетілген факті бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тексеріс ынтымақтастық арнасы аясында Ресей федералдық қауіпсіздік қызметімен тығыз байланыста жүзеге асырылып жатыр" деп хабарлаған ҰҚК. Комитет тергеу құпиялығын алға тартып, басқа мәлімет бермеді.

Арада бір апта өткенде ресейлік телеграм-арналар Калуга облысы Коряково елді мекенінде өлтірілген

қазақстандық Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұлов Ресейдегі террористер мен экстремистер тізіміне енгізілгені туралы ақпарат таратты.

Әшірәлиев пен Тасқұлов - Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары. Марқұмдардың туыстары оларды "террорист" дегенге сенбейді. Олар марқұмдардың сүйегін Ресейден алдыруға көмектесуін сұрап президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген еді.

Еске салайық, Еске салайық, 22 наурыз күні Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында теракт болды. Қаруланған бірнеше адам концерт залына басып кіріп, ішінде жүрген адамдарға оқ жаудыра бастаған. Сол күні ғимаратта 6200-ге жуық адам болған.


Рекомендовать
Последние новости