Ресей полицейлері "Слава Украине!" деп ұрандатқан қазақстандық азаматты қамауға алды

Қаракөз Амантай 17 июн. 2024 11:19 3467

Ресейдің Свердлов облысы Ревдинск қаласының соты Қазақстан азаматы Андрей Хохловты полиция бөлімінде "Слава Украине!" деп айғайлағаны үшін 13 күнге қамауға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осы іс бойынша сот қаулысы шыққанын "Медиазона" агенттігі мәлім етті.

Андрей Хохлов 4 маусымда көшеде балағат сөз айтқаны үшін ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Ол сол жерде "қолын сермеп, "Слава Украине!" ("Украина даңқы арта берсін!") деп айғайлады" деп жазылған іс материалында.

Полицейлер қоғамдық орында "Слава Украина!" ұранын айтып, экстремистік символиканы дәріптеді деген айыппен қазақстандық азаматқа әкімшілік хаттама толтырды. Сот Хохловтың айтқан сөзін "Украина ұлттық ассамблеясы – Украина халықтық өзін өзі қорғау" және "Правый сектор" экстремистік ұйымдарына тән қылық" деп тапқан.

Сонымен қатар оған 500 рубль айыппұл салынған. Ал екінші әкімшілік хаттама бойынша сот оны 13 күнге қамаған. Хохлов кінәсін мойындайтынын және ісіне өкінетінін айтқан. Ол полиция бөлімінде "Слава Украине!" деп айғайлаған кезде масаң болдым деп түсіндірген.

Еске салайық, 2024 жылы 18 қаңтардан бастап Ресей әділет министрлігінің ескертуімен елде "Украин ұлтшылдары ұйымының" белгісі мен "Слава Украине!" деген ұран сөзді қолдануға тыйым салынған.


Рекомендовать
Последние новости