Белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева ректорлық қызметке қайта оралу үшін алаяққа 200 мың доллар берген. Бұл туралы белгілі журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист Михаил Козачковтың сөзіне сүйенсек, 37 жастағы семейлік азамат өзін ҰҚК төрағасының жиені ретінде таныстырып, екі адамды алдаған. Бірі — бұрынғы шекара қызметкері, екіншісі — әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева. Алаяқ өнер иесін ректорлық қызметке қайта тағайындап беремін деп сендірген.
Михаил Козачковтың жазуынша, Арман Таженов “бизнесін” 2024 жылдың көктемінде Шымкенттен бастаған. Ол жақта ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы қызметкерімен танысады. Ол адам қайтадан қызметке оралғысы келген. Сонда Таженов өзін КНБ басшысының туысымын деп таныстырып, мәселені шешуге болатынын, бірақ ол үшін 10 мың доллар қажет екенін айтқан. Ақшаны қолма-қол алған соң, бірнеше айдан кейін тағы 2 миллион теңге сұраған. Жәбірленуші бұл соманы да терминал арқылы жіберген. Бірақ уәде орындалмаған, қызмет те жоқ, ақша да жоқ.
“Сол кезеңде Таженовке тағы бір “тапсырыс” түседі. Бұл жолы Айман Мұсақожаеваны Ұлттық өнер университетінің ректоры етіп қайта тағайындауға уәде береді. Белгілі скрипкашы 1998 жылдан бері осы оқу орнын басқарып келген, алайда 2024 жылдың басында зейнетке шыққан. Үйде отыра алмай, жұмысқа қайта оралғысы келген болуы керек. Осылайша, оның жолдасы — кәсіпкер әрі меценат Асқар Бекбаев, ректорлық қызметті қайтара аламыз дегендерге 200 мың доллар береді”, — дейді журналист.
Козачковтың айтуынша, бұл соманың жартысы Таженовке Алматыда табысталған. Кейінірек ол тағы 100 мың доллар сұраған. Бірақ делдал бұл қаражатты бірден бере алмай, кепіл ретінде көлігін уақытша Таженовтің атына рәсімдеп береді. Алайда бәрі сәтсіз аяқталады. Мұсақожаева қызметке оралмайды, ал уәде берген адам хабарсыз кетеді.
“Осы сәтте алданып қалғандар құқық қорғау органдарына жүгінген. Арман Таженов 2024 жылдың қарашасында ұсталып, қамауға алынған. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Осыны ескерген судья Құралай Дарханова оған 4 жыл шартты жаза тағайындады”, — дейді журналист.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.