Құқықтық теңдік пен сайлау үдерісін жаңғырту саяси реформаның өзегі

Dalanews 17 мар. 2022 02:20 795

Ел Президентінің Жаңа Қазақстан тарихындағы саяси реформалар бағдарламасын қазақстандықтар ыждаhаттылықпен күткені рас. Елде бір серпіліс болса деген ниет болды әр қазақтың көңілінде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауы бірқатар маңызды тұстарды нақтылап, көптің көкейіндегі біраз сұрақтарға жауап іспетті қабылданды.

Қаңтардағы оқиғаға тағы да тоқталған Президент «Қарулы бандалар, қылмыскерлер мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Қатаң шешім қабылдауға тура келді. Бұл менің президенттік және перзенттік борышым болатын» деді.

Мемлекет басшысы жыл басындағы қанды қақтығыста қаза болғандардың отбасыларына және жақындарына тағы да қайғыларына ортақтасып көңіл айтты.

Жақында ғана  атауы «Amanat» болып өзгерген бас партия төрағалығынан бас тартатынын мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан былай «ел президентінің туыстарына заңды түрде мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторларда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынады. Бұл заңнама Конституцияға да енгізіледі. Сонымен бірге, облыс және қала әкімдерін тағайындау ережесі де өзгереді» деп мәлімдеді.

Жолдаудағы тағы бір жаңалық – «Ұлттық құрылтайдың» құрылуы жөнінде. Қоғамдық институт құрамына барлық аймақ өкілдері енгізілетін болады. Оған ел жайынан хабардар, азаматтық ұстанымы берік қоғам белсенділері тартылмақ.

Жолдауда қамтылмаған тұстар аз. Саяси реформа, сайлау үдерісін жаңғырту, Құқық қорғау институттарын күшейту, Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер, құқықтық теңдік, экономика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру мәселелеріне қатысты нақты тапсырмалар берілді.


Сонымен қатар, Қ.Тоқаев Жолдауда БАҚ-ның бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту мәселелеріне ерекше тоқталды.

«Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек». Тапсырма нақты.

Сондай-ақ, Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап ететінін қозғады. «Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды». 


«Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек».

Президент айтқан жаңа реформалар мен өзгерістердің бәрін сапалы іске асыру үшін халықтың ынтымақ бірлігі, сенімі мен қолдауы қажет.

Аңсар ӨСЕРБАЕВ, Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы

Рекомендовать
Последние новости