Құлсарыда балта ұстаған жасөспірім екі қатарласына шабуыл жасады. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы Құлсары қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектепте болған оқиғаға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға салдарынан 2009, 2010 жылдары туған екі жасөспірім медициналық тексерістен өткен.
"Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, оларды травматолог дәрігер қарады. Тексеріс барысында сызаттар мен теріасты көгерген жерлер анықталды", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Науқастарға қажет ем-дом жасалып, рентгенология зерттеуі жүргізілген. Дәрігерлер оларды амбулаторлық ем қабылдауға жіберген.
"Қазір жасөспірімдердің өміріне қауіп жоқ", - деді дәрігерлер.
Айта кетейік, 5 ақпанда 102 арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы қатарластарымен жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған еді.
