Қ.Тоқаев: «Әкімдердің есеп беру форматы халықты жалықтырды»

Dalanews 02 апр. 2019 07:27 920

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы сұхбатын қазақтілді Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне берген сұхбатында шенеуніктерде халықпен арадағы адами қарым-қатынас жетпейтінін ашып айтты. Өз кезегінде ҚР Президенті ойын былайша жеткізді: 

 

– Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде, халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын.

Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс.

Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей.

Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім.

Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды.

Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе. Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн.

Сонымен бірге, кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар.

Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі.

Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселені тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады.

Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елдімекенді аралауға тиіс. Әрбір шенеунік жүргізіліп жатқан реформалардың, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мән-мақсатын халыққа нақты әрі ұғынықты жеткізе білуі тиіс.

Шенеуніктердің бір осалдығы – халықпен қалай сөйлесу қажеттігін білмеуі. Сондықтан мен Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді жіберу керек деп ұйғардым.

Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты.

Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет.

Рекомендовать
Последние новости