"ҚТЖ-Жүк тасымалдары" ЖШС-нің қызметінде заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің астаналық департаменті компанияға қатысты тергеуді аяқтады. Оның басталуына Қазақстан мен Қырғызстанның ұлттық экспедиторлар қауымдастықтарының, сондай-ақ бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың шағымдары негіз болған.
"Тергеу барысында "ҚТЖ-Жүк тасымалдары" ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу кезінде аффилиирленген компанияларға – "KTZ Express" АҚ мен "КедентрансСервис" АҚ-ға басымдық бергені анықталды. Осы арқылы жекеменшік экспедиторлық ұйымдардың жұмысына кедергі келтірген. Аталған әрекеттер "ҚТЖ-Жүк тасымалдары" ЖШС тарапынан монополиялық жағдайын теріс пайдалану ретінде бағаланды", – деп түсіндірді ведомство.
22 тамызда сот компанияны 1,4 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттеді. Қаражат мемлекет кірісіне түседі.
15 қыркүйекте апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.