«Сүйіспеншілік емес- бақылау»: Сталкингтің шын бейнесі

Асель Қайратқызы 17 сент. 2025 17:54

2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған жаңа заң күшіне енді. Бұл- еліміздегі құқықтық жүйеде үлкен жаңалық және қоғам үшін аса өзекті қадам. Себебі, көптеген адамдар үшін құдалау (яғни сталкинг) әлі күнге дейін «жай ғана қызығушылық», «қатты ұнату» немесе «махаббаттың көрінісі» ретінде қабылданып келген. Біз бұл тақырып аясында тәжірибелі психолог, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, «Мәңгілік» қоғамдық қорының жетекшісі Ибрагим Айдос Ерболұлымен сұхбаттасып, сталкингтің психологиялық табиғаты мен оның адам жанына әсері туралы сөйлескен едік.

Сталкинг дегеніміз не?

-Сталкинг- бұл біреудің жеке шекарасын бұзып, оны өз еркінен тыс құдалау,- дейді Ибрагим Айдос. –Бұл әрекетке физикалық аңду, жиі қоңырау шалу, хабарламалар жіберу, адамның айналасында үнемі пайда болу, ол туралы ақпарат жинау, тіпті әлеуметтік желілер арқылы бақылау жасау жатады. Ең қауіптісі- бұл әрекеттер жәбірленушінің өмір сүру сапасын күрт төмендетіп, қауіп, үрей және күйзеліске әкеледі.

Сталкинг пен жай ғана «қызығушылықтың» айырмашылығы неде?

Психологтың айтуынша, жай ғана көңіл білдіру, тіпті шамадан тыс көңіл білу- кейде әлі де әлеуметтік тұрғыда «қабылданатын» әрекет ретінде көрінуі мүмкін. Алайда сталкинг- бұл жүйелі, тоқтамайтын, адамды тыныштықтан айыратын мінез-құлық. Негізгі айырмашылығы- сталкинг адамның қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді немесе сол сезімді тудырады.

-Сталкердің әрекеттерінен кейін адам өзін үнемі бақылауда жүргендей сезінеді. Бұл- психологиялық қысымның ерекше түрі,- дейді маман.

Кибербуллинг пен сталкингтің ара-жігі қандай?

-Кибербуллинг- әдетте, көпшіліктің көзінше қорлау, мазақ ету, масқаралау арқылы жүзеге асады. Ал сталкинг көбіне жеке адамға бағытталған және мақсаты- қорқыту, бақылау не болмаса, адамды толық билеп-төстеу,- деп түсіндіреді Ибрагим Айдос. – Сталкинг кейде кибербуллинг элементтерін қамтуы мүмкін, бірақ оның түпкі себебі- адамға үстемдік ету, оны «иелену».

Жәбірленуші қандай күйге түседі?

Сталкингке тап болған адамда мынадай психологиялық белгілер байқалады:

Тұрақты мазасыздық пен үрей: өзін бақылап жүргендей сезінеді, үнемі қорқынышта болады;

Ұйқының бұзылуы, зейіннің төмендеуі: жалғыз қалуға қорқады, үнемі сақ жүреді;

Әлеуметтік оқшаулану: адамдармен араласуды тоқтатады, қоғамдық орындардан қашады;

Айналасындағы адамдарға сенімсіздік: жақындарының «сен ойдан шығарып жатырсың» деген сөздері адамды одан сайын жабық етеді;

Психологиялық жара: кейбір адамдарда посттравмалық стресс бұзылысы дамып, флэшбэктер, қайталанатын қорқыныштар пайда болады.

-Бұл жағдайлар тіпті сталкинг аяқталғаннан кейін де жалғасуы мүмкін. Себебі адам психикасы ұзақ уақытқа жарақат алып, өмірге деген сенімін жоғалтады,- дейді психолог.

Сталкердің психологиялық портреті қандай?

Психолог маманның айтуы бойынша:

-Мұндай әрекеттерге көбінесе қатынасты тоқтата алмайтын, өткенмен өмір сүретін, қатты байланғыш адамдар бейім. Олар өз сезімдерін сау жолмен білдіре алмайды. Сонымен қатар, бақылауға, үстемдік етуге бейім, ригидті ойлауға (икемсіз, өзгерістерге бейімсіздік) бейім адамдар да сталкерге айналуы мүмкін. Кей жағдайларда мұндай адамдар нарциссистік немесе шекаралық тұлғалық бұзылыстары бар жандар болуы ықтимал.

Сталкерге психологиялық көмек керек пе?

-Ия, керек. Бірақ бұл олардың әрекетін ақтамайды. Сталкер- өз эмоциясын басқара алмайтын, қорқынышпен, жалғыздықпен, төмен өзін-өзі бағалаумен күресіп жүрген адам. Кейбіреулері «махаббат» деген желеумен басқаны қудалауды дұрыс көреді. Мұндай адамдарға терапия, шекара қоюды үйрену қажет. Бірақ, тағы да қайталаймын: ешбір психологиялық қиындық адамды басқаға зиян келтіруге ақтау бола алмайды.

Жәбірленуші не істеуі керек?

Психологиялық кеңес:

Ең бастысы –сіз кінәлі емессіз. Біреудің сізге деген зорлықшыл «қызығушылығы» сіздің проблемаңыз емес.

«Жоқ» деп айтуға, шекара қоюға үйреніңіз.

Егер қорқыныш пен үрей мазаласа- психолог көмегіне жүгінген жөн.

Практикалық қадамдар:

  • Сталкермен ешқандай диалогқа түспеу. Үнсіздік- ең күшті қару.
  • Барлық фактілерді тіркеу: скриншоттар, жазбалар, куәгерлер.
  • Блоктау, аккаунттар мен құпиялық параметрлерін өзгерту, қауіпсіздік шараларын күшейту.
  • Полицияға жүгіну, заңгерлермен және дағдарыс орталықтарымен байланысу.
  • Жақындарыңызды хабардар етіңіз- бұл сізге қауіпсіздік береді.

Ең бастысы- сталкермен жалғыз қалмау және оны «түзетіп» немесе өзгертуге тырыспау. Мұндай адамдарды өзгертемін деу-өзіңізге зиян келтіруі мүмкін.»

Жаңа заңның маңызы қандай?

Психологтың айтуынша, бұл заң- қоғамға айқын сигнал: енді сталкинг- «қатты жақсы көріп қалу» емес, қылмыс.

-Бұрын мұндай әрекеттер «қызғаныш», «құмарлық» деп ақталып келсе, енді бұл заңды түрде жәбірленушінің құқығын бұзу ретінде танылады. Бұл- тек құқықтық емес, мәдени өзгерістің де басы. Жеке шекараға құрмет- енді қалыпты қатынастың ажырамас бөлігіне айналуы керек,- деп қорытындылады Ибрагим Айдос Ерболұлы.

Айта кететін болсақ, қылмыстық кодекстің 115-1- бабына сәйкес, сталкинг жасаған адамға келесі жазалар қарастырылған:

  • 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылы шамамен 786 400 теңге) айыппұл,
  • 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту,
  • Немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау.

Бұл түзетулер Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған қылмыстық заңнаманы оңтайландыруға бағытталған өзгерістердің бір бөлігі. Бұған дейін Қазақстан заңнамасында сталкингке арнайы бап қарастырылмаған еді. Енді мұндай әрекеттер нақты сипатталып, оларға қарсы нақты шаралар қабылданатын болды.                                                                    


Рекомендовать
Последние новости