Қорғаныс министрлігі әскерге барудан қашып жүргендерге қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 14 нояб. 2024 15:27 1670

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерден жалтарып жүргендерді көшеден ұстап әкетуге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенаттағы кездесуде БАҚ өкілдерінің тарапынан Жазықбаевқа әлеуметтік желілерде әскерге шақырылған азаматтарды күшпен алып кету туралы бейнежазбалар таралып жатқанына байланысты сауал қойылды.

Жазықбаев бұл шаралардың заң шеңберінде орындалып жатқанын айтты. Әскери борышын өтемеген әрбір азамат жауапкершілікке тартылатынын және егер қашып, заң өкілдеріне қарсылық білдірсе, оларды көшеден ұстап, тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді.

“Әрбір Қазақстан азаматы Қарулы күштер қатарында әскери міндетін атқаруға міндетті”, деп атап өтті ол.

Еске салайық, “Астана” телеарнасы 2024 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде Қазақстанда 20 мыңға жуық жас азамат әскерге барудан бас тартқанын хабарлаған еді.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері Отан алдындағы борышын өтеуден қашатын жастардың санының азайып келе жатқанын айтқанымен, бұл проблема әлі де бар екенін жоққа шығармады. Әскерден қашу фактілеріне қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

“Рейдтер заң аясында жүргізіледі. Әскери басқару органдары шақыру қағазын тапсыра алмаған жағдайда, бұл іс жергілікті ішкі істер органдарына беріледі. Көшелерде, қоғамдық орындарда әскерге барудан жалтарғандарды анықтау үшін рейдтер өткізу — заңды шара”, — деді “Астана” телеарнасына ҚР Қарулы күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев.


Рекомендовать
Последние новости