Қордайдағы жанжал. 5 адам ұсталды

Dalanews 12 мар. 2020 05:31 932

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы этникалық жанжалдан кейін бес адам ұсталды деп хабарлады бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев.

– Қордайдағы оқиға бойынша бес адам ұсталды. Бұзақылық, қарт адамды ұрып-соғу және полицейге бағынбау ісі бойынша ұсталған. Бұл ақпарат құралдарында кеңінен қамтылды. Өртеу, адам өлтіру фактілері бойынша тергеу жалғасып жатыр. Әзірге ешкім ұсталған жоқ. Себебі онда материал көп, – деді Дембаев.

Оның айтуынша «барлық видеоматериалдар зерттелгеннен кейін шешім қабылданады».

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Кейін жанжал болған Масанчи ауылында қираған ғимараттан тағы бір адамның мүрдесі табылып, полиция оның жанжалдан қаза болғанын растады.


Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 20 сауда орны мен 39 үй бүлініп, 47 көлік өртенді. Үкімет қақтығыста қираған үйлер мен сауда орындарын қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеген.

Билік жанжал қарт ер адамның жаралануымен аяқталған жол үстіндегі кикілжіңнен шыққан деп мәлімдеді. Кикілжіңнен соң қазақтар (көбі – Қаракемер ауылының тұрғыны) жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.


Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 120-дан астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. ("Адам өлтіру" бабы бойынша 11 іс). Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.​

1 наурызда Қордай ауданына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз контрабандамен айналысқан екі қылмыстық топтың арасындағы текетірестен жанжал шыққанын, соның кесірінен 11 адам қаза болғанын айтып, жергілікті билікке пара алу мен шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

Рекомендовать
Последние новости