Қонаевта заңсыз саудаға тосқауыл қойылатын болды

Жарбол Кентұлы 30 июл. 2024 10:42 1838

Қонаев қаласында заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі іске қосылмақ. Бұл туралы Абай көшесінің бойында, белгіленбеген орындарда сауда жасайтындармен кездесуде қала әкімі Асхат Бердіханов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде саудагерлер әкімнен күнкөріс көзінен айырмауды сұрады. Шаһар басшысы болса, әкімдіктің ұстанымын түсіндіріп, оларға бірнеше талап қойды.

– Бұған дейін сіздерге «Айша сити» базарында 6 ай, «Жетісу» базарында 3 ай тегін орындарды дайындап бердік. Тұтынушы аз болатынын алға тартып, бармадыңыздар. Қазір қала үлкейіп, күннен-күнге дамып келеді. Мәселені бір жағына шығаруымыз керек. Абаттандырылып, әдемі болып тұрған көшенің келбетін заңсыз сауда орындары бұзып тұрғанын бәріміз түсінуіміз қажет, – деді Асхат Бердіханов.

Сонымен қатар ол тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтті.

– Тұрғындар аулада сауда жасайтындар қоқыстарын тастап кететінін, аяқ алып жүре алмайтындай жағдай туғанын айтып, жиі шағымданады. Сіздердің қамдарыңызды ойлап, проблемаға біржақты қарауға болмайды, – деді шаһар басшысы.

Әкім түйткілді тарқату үшін «Айша сити» базарының алдына дүңгіршектер қойылатынын айтты.

– Әкімдік барлық тұрғынның қамын ойлайды. Сол үшін сіздерді тыңдай келе, базардың алдынан дүңгіршектер орнатуды жөн көріп отырмыз. Бірақ, бизнес орындары қойылғанда сіздер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп, жұмыс жасауларыңыз қажет, – деді әкім.

Содан кейін әкім «Айша сити» базарын аралап шықты. Базар басшылығына жаңадан салынып жатқан нысанды бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес етіп жасауды тапсырды. Ал сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшыларына сауда орындарын қою үшін тез арада құжаттарды рәсімдеуді жүктеді.


Рекомендовать
Последние новости