Танымал қоғам белсендісі, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы төрағасының кеңесшісі Алмас Ержан бүгіндері әлемнің "қызыл нүктесі" - әскери ұрыс қимылдар жүріп жатқан аймақтардан бас сауғалай қашқан босқындарды қабылдап, Қазақстаннан баспана беруді ұсынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Неге Қазақстанға Иран, Газа секторы, тіпті Израильден бас сауғалай қашып, пана іздеген жандарды қабылдамасқа? Көбіне, насихат идеологиясында "Қазақстан - кез келген дін, кез келген көзқарастағы барлық адамның киелі мекені, алтын бесігі" деп сипатталып жатады емес пе? Олардан келген кәсіпкерлер, ғалымдар, дәрігерлер, педагогтар және өзге де ілім мен білімге бай мамандарға бізден жұмыс та табылар еді. Балалары да ел қатарлы оқып, отбасылары да қауіпсіз жерде өмір сүруге мүмкіндік алар еді. Меніңше, Қазақстан 50 млн адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Жер де, жұмыс та бәріне жетеді, тарланып қайтеміз, кең қазақ емеспіз бе" деп меңзей жазыпты Алмаз Ержан Facebook-тегі парақшасында.
Оның ортаға салған бұл ойы желідегілердің қызу талқысына түсіп жатқан жайы бар.
Айта кетсек, Израиль әскери-әуе күштері 13 маусымға қараған түні Ирандағы әскери және өнеркәсіптік нысандарға соққы беріп, Тегеранның ядролық бағдарламасына қарсы операцияны жүзеге асырды. Тель-Авив төтенше жағдай режимін енгізді, өйткені олар жауапты соққыға дайындалуда. Иранның рухани көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи Израильдің Ислам республикасына жасаған әуе шабуылын қатты сынға алып, жауаптың қатаң болатынын ескертті. Израильдің Иранға шабуылы аясында Brent мұнайының бір баррелі 78,5 долларға дейін қымбаттап, қазір баға сәл-пәл түсті.