“Таяу Шығыс отқа оранды”. Израиль мен Иран шиеленісінің түбі қайда апарады?

Қаракөз Амантай 13 мау. 2025 11:34

Израильдің Иранға қарсы әуе шабуылы Таяу Шығыстағы ахуалды күрт ушықтырды. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев аталған әрекетті ұзақ жылдар бойы қордаланған геосаяси шиеленістің заңды жалғасы деп бағаласа, мұнай-газ сарапшысы Олжас Байділдінов Иранның мұнай инфрақұрылымының аман қалғанын, алайда ядролық нысандар мен ғылыми әлеуетке келген соққы Тегеранның жоспарларын бірнеше жылға шегеруі мүмкін екенін айтады.Таяу Шығыс жаңа қақтығыс кезеңіне аяқ басты ма? Dalanews.kz сарапшылар пікірін негізге ала отырып, жағдайды жан-жақты саралады.

Израиль билігінің ресми мәлімдемесі

Израиль билігінің мәлімдеуінше, әскери операцияның басты мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасын әлсірету және одан төнетін қауіптің алдын алу.

“Біз Иранның ядролық бағдарламасының жүрегіне соққы жасадық. Атап айтқанда, Натанз қаласындағы уран байыту орталығы мен баллистикалық зымырандар жасауға бағытталған жобаларды нысанаға алдық. Сондай-ақ ирандық ядролық ғалымдарға да соққы жасалды”, — деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халыққа жолдаған видеоүндеуінде.

Нетаньяхудың айтуынша, операция Ираннан төнген қауіп толық жойылғанға дейін жалғасады.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кацтың сөзінше, елде “арнайы төтенше жағдай режимі” жарияланған. Ол алдағы уақытта Иран тарапынан Израильге бағытталған зымырандық немесе дрон арқылы шабуылдар болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

“Израиль мемлекеті тарапынан жасалған алдын ала соққыдан кейін Иран жақын уақытта Израильге, соның ішінде бейбіт тұрғындарға қарсы зымыран және дрон шабуылын ұйымдастыруы мүмкін”, — делінген ресми мәлімдемеде.

Қазақстандық сарапшылар не дейді?

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Израильдің Иранға жасаған әуе соққысы ұзақ жылдар бойы қордаланған геосаяси шиеленістің заңды жалғасы.

“Израиль ақыры Иранға соққы жасай бастады. Тегеранның ядролық бағдарламасын тежеуді көздеген еврей мемлекеті бұл қадамға амалсыздан барып отыр”, — деп жазды ол.

Оның сөзінше, агрессивті мәлімдемелер мен ашық ядролық амбициялар қарсыласты алдын ала әрекет етуге итермелейді.

“Израиль жылдар бойы ашық түрде Иранға ядролық қаруға ие болуға жол бермейтінін мәлімдеп келді. Тіпті осы мақсатта талай операцияны іске асырды: агрессивті кибервирустарды енгізу, ғалымдарды қастандықпен өлтіру сияқты түрлі амалдар арқылы Ислам республикасының ядролық бағдарламасын тұсаулауға тырысты”, — деп қосты ол.

Әбішев қазіргі жағдайды өткен кезеңдермен салыстырып көрді.

“Қызығы сол, кезінде классикалық ядролық державалар атом қаруының таралуына қарсы күресті белсенді түрде жүргізетін. Ресми түрде бұл “халықаралық қауіпсіздікті күшейту” деген желеумен түсіндірілсе, іс жүзінде – өздерінің ядролық үстемдігін сақтап қалу үшін жасалды.

Ал қазір біз шағын, ядролық мәртебесін толық мойындай қоймаған бір мемлекеттің жалғыз өзі, ядролық амбициясын ашық жариялап отырған, ядролық мәртебеге сәл-ақ жетпей тұрған мемлекетті ауыздықтап отырғанына куәміз. Әрі бұл қадамды ол ешкімге жалтақтамай, өзінің ұлттық мүддесіне ғана сүйене отырып жасауда”, — деді ол.

Ал мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдіновтің айтуынша, Израильдің Иранға жасаған соңғы әуе шабуылдары елдің мұнай секторына әсер етпеген.

“Соңғы бірнеше күн бойы батыс ақпарат құралдары Израильдің (және мүмкін АҚШ-тың) Иранға қарсы жойқын соққы әзірлеп жатқанын жарыса жазды. Бұл хабарлар АҚШ-тың аймақтағы әскери базалары толық жауынгерлік дайындыққа келтіріліп, азаматтарына тез арада бұл өңірден кетуге кеңес берілген кезеңмен тұспа-тұс келді”, — дейді сарапшы.

Оның сөзінше, осы уақытқа дейін Израиль Иран аумағына бес рет әуе соққысын жасаған. Алайда Иранның мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау инфрақұрылымдарына зақым келмеген.

“Есесіне, Ислам революциясын қорғау корпусының (КСИР) басшылары мен ядролық бағдарлама ғалымдары қаза тапты.

Бірінші кезекте Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ПВО) жүйелері жойылды. Бұдан кейін соққы ядролық бағдарламаның негізгі нысандарына – екі реактор, технологиялық орталықтар, зертханалар мен зымыран кешендеріне бағытталды.

Желілерде жарияланған видеолардан шабуылдың айтарлықтай шығын келтіргені және өрттің әлі де жалғасып жатқаны байқалады. Бұл шабуылдар Иранның ядролық бағдарламасын айтарлықтай тежеп, бірнеше жылға кейінге ысыруы мүмкін ”, — дейді ол.

Сарапшының мәліметінше, Тегеран қазір қарымта соққыға әзірленіп жатыр.

“Жыл басында Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жүргізілген зерттеулерге (BBC-дің талдауы бойынша) сәйкес, Иранның қолында шамамен 60%-ға дейін байытылған 300 кг уран бар. Ал халықаралық келісім (Совместный всеобъемлющий план действий, СВПД) бойынша бұл көрсеткіш тек 3,67% деңгейінде, яғни азаматтық атом энергетикасы үшін қажетті мөлшерде болуы тиіс еді.

Қолда бар 300 кг уран қазіргі уақытта шамамен 10 ядролық оқтұмсық жасауға жетеді”, — деп қосты ол.

Оның айтуынша, алдағы бір жарым-екі жыл ішінде Иран уранды 90%-ға дейін байытып, толыққанды ядролық қару жасауға барынша жақындауы мүмкін.

“Жалпы алғанда, алдағы уақытта Таяу Шығыс елдері бірінен соң бірі ядролық державаға айналуы мүмкін деген болжам шындыққа айналып келе жатқандай”, — деп түйіндеді ол.

Қазақстанның Израильдегі Елшілігі қандай шара қолданды?

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Тель-Авивтегі Қазақстан Елшілігі Израильде жүрген азаматтарымызға Тыл қолбасшылығының нұсқауларын қатаң сақтауға, қауіпсіздік шараларын күшейтуге, барынша сақтық танытып, жаңалықтарды мұқият бақылап отыруға және дипломатиялық өкілдікпен үнемі байланыста болуға кеңес береді.

Израильдегі қазақстандықтар үшін жедел байланыс желілері іске қосылды:

Қазақстанның Израильдегі Елшілігінің байланыс нөмірлері:

📞 +972 (3) 503 78 85 – кезекші нөмір

📱 +972 53 635 19 83 – мобильді, WhatsApp

📱 +972 55 273 38 13 – мобильді, WhatsApp

📱 +7 700 111 31 96 – WhatsApp


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар