Алтай етегіндегі поэзия мен ғылым: Катонқарағай ауданында республикалық конференция мен фестиваль өтті

Ақтоты Жапатова 14 июн. 2025 11:42

Шығыс Қазақстанның ең көрікті өңірлерінің бірі — Алтайдың баурайында орналасқан Катонқарағай ауданында жыл сайынғы ұлттық мәдени шаралар өтті: республикалық конференция «Ұлттық рух жыршысы» және поэзия фестивалі «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды»,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Аталған шараларға еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі әдебиетшілер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен жастар жиналды. Қатысушылар көрнекті жазушылардың шығармашылық мұрасын талқылап, ұлттық әдебиет пен руханиятты дамытуға қосқан үлесін саралады.

Қонақтарға арнаған құттықтау сөздерінде ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Абзал Нүкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сөз сөйледі.

Конференция барысында филология ғылымдарының докторы Кұлбек Ергөбек, жазушы Нұрдәулет Ақыш, профессор Гаухар Балтабаева және өзге де танымал зерттеушілер баяндама жасады.

Көрермендер жазушылар туралы театрландырылған қойылым, музыкалық өнер көрсетілімдері мен бейнероликтерді тамашалады.

Сонымен қатар, кітаптар, мұрағаттық фотосуреттер және республикалық суретшілер байқауының үздік туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды. Іс-шара жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен аяқталды.

Ашық аспан астында, Топқайың ауылы маңында өткен поэзиялық фестиваль қазақ сөзінің нағыз мерекесіне айналды. Бұл іс-шара «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі аясында өтті.

Шараның ашылуында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйледі. Кейін қонақтар алдында Қазақстанның танымал ақындары — Дәулет Телманов, Қалқаман Сарин, Әскерхан Ақтай, Ерлан Жүніс, Бақытжан Райыс, Бауыржан Ігілік, Естай Жаңабай, Олжас Керейхан, Оразай Жеңісұлы, Мерей Қарт, Қызырбек Дүргінбайұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Құмар Зиятхан, Мұратқан Кенжехан және Дана Исағұлқызы өнер көрсетті. Ақындар жырларын Алтайдың көркем табиғатына, сондай-ақ әйгілі жазушылардың рухына арнады.

Фестивальдің көркін этно және фольклорлық ансамбльдер — «Алтай», «Барқытбел», «An.Sal.Dar», «Назқоңыр», «Дарабоз», сондай-ақ Нұргүл Қабдоллаева, Халықа Хамит, Жаухаз Бабаханова сынды өнер иелерінің орындаулары аша түсті. Кеш соңында Жазушылар одағы мен қоғам қайраткерлері қатысқан марапаттау рәсімі өтті.

Бұл шара қазақ поэзиясы мен мәдениетінің, ұлттық рухтың үлкен мерекесіне айналды. Өткен мен бүгінді жалғаған рухани тағылым Алтай етегінде жаңаша тыныс алды.


Рекомендовать
Последние новости