Астанада автобус қағып кеткен 12 жастағы Алуа Бекеннің отбасына 19 миллион 660 мың теңге көлемінде сақтандыру өтемақысы төленді. Бұл туралы «Евразия» сақтандыру компаниясы хабарлады. Өтемақы жолаушылар алдындағы тасымалдаушының міндетті сақтандыруы аясында берілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сақтандыру компаниясының мәлімдеуінше, Алуа ұзақ мерзімді ем мен оңалтуды қажет етеді, әрі кейін протез салу жоспарланып отыр. Осыны ескере отырып, қосымша құжаттар – оның ішінде мүгедектік туралы анықтама – толық жиналмағанына қарамастан, компания өтемақыны толық көлемде төлеу туралы шешім қабылдаған.
«Евразия» СК заң бойынша жол-көлік оқиғасы салдарынан бала мүгедек болған жағдайда 5 000 АЕК мөлшерінде, яғни 19,66 млн теңге өтемақы қарастырылған деп түсіндірді.
Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мүгедектік анықтамасын алу үшін азаматтар медико-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өтуі керек. Бұл процесс біраз уақыт алады. Сол себепті барлық қажетті құжаттар түсіп отырған тәртіппен сақтандыру ісіне тіркелетін болады.
Компания өкілдері хабарлағандай, жол апатынан кейін «Евразия» СК арнайы жедел желі ұйымдастырып, оған апат кезінде зардап шеккен жолаушылар немесе олардың заңды өкілдері хабарласқан. Барлық сұрақтар бойынша кеңестер беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтемақы алу тәртібі түсіндірілген.