Отставкаға кеткен Қарабаевтың міндетін кім атқарып жүргені белгілі болды

Көркем Алдабергенова 13 июн. 2025 19:00

Көлік министрі Марат Қарабаев қызметінен босатылғаннан кейін оның міндетін вице-министр Мақсат Қалиақпаров атқарып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгін премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен көлік саласындағы ірі инвестициялық жобалар бойынша кеңес өтті. Онда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

«Кеңесте көлік министрінің міндетін уақытша атқарушы Мақсат Қалиақпаровтың, «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың және «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың баяндамасы тыңдалды», – делінген үкіметтің хабарламасында.

Көлік министрлігінің сайтында Қалиақпаров 2023 жылдың 6 қазанынан бері вице-министр қызметін атқарып келе жатқаны көрсетілген.

Еске сала кетейік, 8 маусымда Президент жарлығымен Марат Қарабаев көлік министрі қызметінен босатылған еді. Бұған дейін, 14 мамырда көлік-логистика саласының дамуына қатысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент Қарабаевқа сөгіс жариялаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы жағдайды сынға алып, саланың жүйелі мәселелер мен жоспарлардың орындалмауы салдарынан жаңғыртылмай отырғанын атап өткен. Сондай-ақ, ол шекарада жүк өткізуге қатысты қиындықтар, көптеген өткізу бекеттерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы және ірі инфрақұрылымдық транзиттік жобалардың кестеден кешігуі сияқты проблемаларға назар аударды.


Рекомендовать
Последние новости