ҚМДБ Абай Бегейдің қызына қатысты мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 20 авг. 2024 09:34 3301

Қоғамда танымал әнші Абай Бегейдің кәмелетке толмаған қызы тұрмысқа шыққаны қызу талқыға түсіп жатыр. Жақындары қыздың жасы енді 17-ге толатынын айтқан. Мәселеге ҚМДБ өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Жуырда әншінің 16 жастағы Сымбат есімді қызы «неке қиған күнімізден естелік» деп сурет жариялаған. Артынша оны өшірген.

ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы «Абай Бегейдің кәмелетке толмаған қызының некесін имам қимаған. Неке қию рәсімі мешітте өтпеген. Жастар мешіт ауласында естелікке суретке түскен», — деді.

Кәмелетке толмаған қыздың некесіне қатысты ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі де мәлімдеме жасады.

«Неке қию рәсімі мешітте болмағаны анықталды. Мешіт имамдары кәмелет жасқа толмаған қыздың некесін қимаған. Мешітке келіп, құлшылық үйін аралауға, ауласында суретке түсуге шектеу қойылмайды. Жастардың мешітке келіп, естелікке суретке түскені белгілі болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған «Мешіт имамдарының неке қию тәртібі» құжатына сәйкес отбасы құрғысы келетін азаматтар әуелі АХАТ бөлімі арқылы заңды некеге отыруы тиіс. Нике қию рәсіміне болашақ ерлі-зайыптылардың ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері қатысуы міндетті. Діни некеге ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімі керек. Олай болмаған жағдайда мешітте діни неке қиылмайды», — деп жазылған ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі мәлімдемесінде.


Рекомендовать
Последние новости