Қызылордада мектеп ауласын тартып алып, арена салмақшы

Қаракөз Амантай 16 июл. 2024 11:31 6173

Қызылорда “Білім-Инновация” лицейінің спорт алаңқайы мен шағын бағы бар ауласын әкімшілік тартып алып, ағаштарды кесіп, футбол алаңын сүріп тастап, орнына арена салмақшы, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Халықаралық және Республикалық дүбірлі додаларда 30 жыл ішінде облыстық және Республикалық олимпиадалардан 148 алтын, 362 күміс және 526 қола медаль алып, облыстың атын шығарып, Халықаралық бәйгелерден 16 алтын, 31 күміс және 56 қола иеленіп еліміздің атағын асқақтатып, оқ бойы алға шығып,  жүлделі орындар иелеініп, көк туымызды сапалы білімдері арқылы әлемге танытып, еліміздің даңқын ғылым жолында шығарып жүрген “Білім-Инновация” лицейінің 2,1 га жерін әкімшілік тартып алып, орнына арена салатыны туралы 9 шілдеде хабарлаған. Әкімшілік басқа нысанға пайдалануға бергелі отқан бұл жерде лицей-интернат түлектерінің сыйға тартып, өз қаражаттарына салып берген футбол алаңы бар. Оған қоса, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылып шағын бақ та жайқалған болатын. Жатақханада жатып оқитын 500 оқушы бос уақыттарында осы жерге келіп ойын ойнап, бақта демалып, кітап оқитын. Ал, Қызылорда әкімшілігі балаларды бұл мүмкіншіліктен айырып, оларды төрт қабырғаға қамап қоймақшы.

Оған қоса, әкімшілік алып қойған жерге “Білім-Инновация” лицейі оқушылар үшін тағы да теннис алаңы(корт), спорт алаңын салуды жоспарлап отқан болатын. Тек оқушылар үшін ғана емес, сапалы тәрбие мен білім беретін ұстаздарды да жатақханамен қамтамасыз ету үшін лицей басшылығы мұғалімдерге арналған жатын орын салмақшы болған. Ол аздай лицейде жылдан-жылға кабинет тапшылғы артып келеді, осының алдын алу мақсатында лицей басшылығы қарамағында болған бос алаңға спорт залын салмақшы болған. Балалардың серуендеп, бой сергітіп, тек білімдерін ғана емес, денелерінде шынықтыру үшін жасалған жағдайдан балаларды айырып, Қызылорда әкімшілігі ол орынға арена салмақшы.

Бұл мәселеге бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов те бей-жай қарамай, мәселені әкімшілік дұрыс шара қолданып, тиісті жауабын беретініне сенім білдіріп айтты.

Бұл жайтқа “Білім-Инновация” лицейінің оқушылары және ата-аналары наразылықтарын білдіруде. Онсызда алақандай мектеп ауласын балалардан тартып алмай, аренаны басқа жаққа салуды талап етеді. Бұған дейін де лицей қарамағындағы жерді әкімшілік алып қойған болатын. Ал ата-аналар мен оқушылардың наразылығына қарамастан құрылыс көліктерін лицей аумағына орналастырып қойған.

Лицей-интернатында баласы оқитын Разия Молдабекованың айтуынша,  салынғалы жатқан спорт кешенінің салдарынан лицей-интернаты оқушыларында тек өздері оқитын ғимарат қалғалы отыр. Тіпті сыртқа шығып серуендеп жүретін жер қалмайын деп тұр. Аптасына үйіне бір-ақ рет баратын оқушыларды лицейде сабақтан шыққан соң серуендеп, бой сергітіп, спортпен шұғылданатын жағдайдан айырып отыр. Облыс әкімінің орынбасары “Спорт кешеніне БИЛ оқушылары үшін арнайы жағдай жасап, тегін кіру мүмкіндігін береміз”-  деп уәде етті дейді.

Алайда Разия бұл уәденің орындалатынына сенбейді. Өйткені нысан жартылай жекеменшік болады деген сыбыс тараған. Оны былай қойғанда қаншама спорттық шаралар мен жарыстар өтетін нысанда 500 бала емін-еркін лицейінде жүргендей жүре алмайды. Ал қазіргі спорт алаңы мен саябағында балаларымыз қалаған уақыттарында ойын ойнап, еркін серуендей алады.  

“Біз халық аренасының салынуына ешқандай қарсы емеспіз, бірақ біздің балаларымыздың жерін тартып алмаса екен”- дейді ата-аналар.

Разияның айтуынша, бұл кешенді салуға Қызылордада басқа да жер жеткілікті, сондықтан балалардың жерін өздеріне пайдалануға қалдыруды талап етеді.


Рекомендовать
Последние новости