Қызылағаштағы су тасқынынан кейінгі баспана дауы: Әкімнің заңсыз әрекеті әшкере болды

Қаракөз Амантай 23 окт. 2024 09:44 1963

Жетісу облысы, Қызылағаш ауылында су тасқынынан кейін салынған үйлерге байланысты дау шықты. Ауыл тұрғындары бұрынғы әкімді коммуналдық баспананы заңсыз иемденді деп айыптауда, деп хабарлайды Dalanews.kz 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Апаттан кейін салынған 12 үй мемлекеттік тұрғын үй қорына алынған. Олардың бірі – Смайылхан Жайсанұлы көшесіндегі 6-үй. Тұрғындар бұл үйде жас мамандар тұрғанын айтады, алайда 2017 жылы баспана иесіз деп танылып, кейін шенеуніктің туысы жекешелендіріп алған.

Ауыл тұрғыны Сәуле Әмитова шенеуніктің сотты алдап, үйді өз туысына аударып алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл заңсыздыққа байланысты тұрғындар наразылық білдіріп, мәселені көтерген.

“Жалған ақпарат беріп, сотты алдап, басына аударып алған. Сол үшін біз шулағанбыз. Ол құжатты қайталап жасап, сол үйге кіргеннен кейін апасының атына аударып алған. Сот шешімі бұзылмаған. Сот шешімі бұзылмаса, ертең кетеді. Қолхат уақыты біткеннен кейін ол үй қайтадан басына қалады”, – деді Қызылағаш ауылының тұрғыны Сәуле Әмитова.

Ауыл тұрғындары шенеуніктің бұл үйге еш қатысы жоқ екенін айтады. Себебі 2010 жылғы апатқа дейін өзі де, туыстары да Қызылағашта тұрмаған. Бұл деректі қазіргі әкім де растайды.

“2015-2016 жылдар аралығында сол үй Самихов Айдарға мемлекеттік қызметкер ретінде берілді. Кейін апасы пайда болды. Қандай амалмен өздерінің жекеменшігіне аударғанын білмеймін. Бірақ сот шешімі бар. Қазір Самихова сол үйді өзінің жеке меншігіне аудару туралы сот процесі жүріп жатыр”, – деп мәлімдеді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Нұрлан Досмақов.

Қазіргі таңда бұл үйге қатысты сот процестері жүріп жатыр. Сонымен қатар ауылдағы тағы 11 үй коммуналдық меншікте қалып, тұрғындар оларды жекешелендіре алмай жүр. Жергілікті билік үйлерді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының балансына алуды жоспарлап отыр, бірақ жекешелендірудің талаптары бар.

Тұрғындар үйлерді тегін алғысы келеді, бірақ заң бойынша тек 1-2 топтағы мүгедектер мен ҰОС ардагерлеріне үйлер тегін берілуі мүмкін, ал қалған азаматтар үйлерді қалдық құнымен сатып алуы тиіс.

Ауыл тұрғыны Ақмарал Қабимолдинова тұрғындардың үйлерді сатып алуға қаражаты жетпейтінін айтып, тегін беруді талап етті.

Дауға айналған үйдің болашағы алдағы сот отырысында шешілмек.


Рекомендовать
Последние новости