Қыздар университетінде жаңа үш нысанның тұсауы кесілді

Dalanews 19 сент. 2015 04:55 1257

Бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен Арулар ордасында бой көтерген үш бірдей нысан – 9 қабатты жатақхана, «Аққу» атты жүзу бассейні және «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңының ресми тұсаукесер рәсімі өтті.

Үш бірдей нысанның лентасын қиған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы мен ҚазмемҚызПУ ректоры Динар Жүсіпәліқызы, сондай-ақ сыйлы қонақтар әрбір ғимараттың ішкі жабдықталуымен толықтай танысып, заманауи жабдықталған талаптарға ризашылықтарын білдірді. Студенттердің дастарханынан дәм татқан министр шәкірттермен тілдесіп, оқу-білім жайында сыр шертті.

«Ақ шатыр» жазғы алаңында құттықтау сөз сөйлеген А.Бәкенұлы «Қазіргі таңда Қазақстанда жастар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Жыл сайын мемлекет тарапынан 150 мың оқу гранты бөлінеді. Келесі жылдан бастап грантпен оқитын студенттердің степендиясы 25 пайызға өседі. Техникалық мамандықты игеріп, өндірісте жұмыс істеймін деген жастар үшін индустрияландыру бағдарламасы бойынша жаңа жұмыс орындары, ғылыммен айналысамын деген шәкірттер үшін зертханалық орындар ашылып жатыр. Осы оқу орнында оқитын студенттер ұстаздық жолды таңдаған. Өздеріңіз білесіздер, мұғалімнің рөлі өте мәртебелі. Университетті бітіріп, мектепке баратын студенттерге жақсы жаңалық бар. Елбасының шешімімен келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 30-50 пайызға өсетін болады. Сондықтан, жастар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Тек қана жақсы оқып, еңбек етуіміз керек. Осындай керемет ғимараттар ашыла берсін. Қазақстанымыз өркендей берсін!» – деген жүрекжарды тілегін айтты. Сонымен қатар, салтанатты жиында үш бірдей нысанның құрылысын жасақтаған университет басшылығына алғысын білдіріп, жаңа оқу жылына табыс тіледі.

10

450 орынға арналған жаңа жатақхана Елбасының тапсырмасына орай студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне бағытталған «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынды. Заман талаптарына сай салынған жатақхана жаңа жиһаздармен толық жабдықталған, инфрақұрылымдық мүмкіндігі өте жоғары. Бірінші қабатында қыздарға арналған медициналық орталық орналасқан. Сонымен қатар, қыздардың сән салоны, жаттығуға арналған фитнес залы, компьютер, демалыс бөлмелері жұмыс істейді. Әр қабатта кір жуатын бөлмелер, керек-жарақтармен жабдықталған асүйлер бар. Заманауи телекоммуникациялық желі, Wi-Fi сымсыз желілері тартылған. Бір сөзбен айтқанда, жаңа студенттер үйінде бойжеткендердің бос уақытты ұтымды өткізулеріне барлық жағдай ойластырылған. Қыздар университетінде еліміздің барлық алыс аймақтарынан келетін студент-қыздардың көп келіп оқитынын ескерсек, бұл мемлекеттің ұлт тәрбиешілеріне деген қамқорлығы екені анық.

Жүзу бассейні жастардың денсаулығын жақсарту мақсатын көздейтін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында университеттің қаржысына бой көтерді. Еліміз үшін дені сау, рухы таза ұрпақ өсіріп тәрбиелеу де ең маңызды да негізгі мәселе. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Салауатты өмір салтын қалыптастыру – ұлт денсаулығының кілті болып табылады. Біз балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізуіміз қажет, жастар денсаулығына мән беруіміз керек», – деген болатын. Осы орайда, пайдалануға берілетін жүзу бассейні спортпен айналысуға, дені сау ұрпақ қалыптастыруға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына өз ықпалын тигізері сөзсіз.

Үшінші нысан «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңы – Елордада орналасқан «Хан Шатыры» іспетті салынған. Кең де әсем әрі ұлттық нақышта тұрғызылған алаңның ішкі сәулеті қазақ үй сияқты әспеттеліп, төбесіндегі шаңыраққа айнала уықтар қойылған.

Бүгінде отандық білім саласының дамуы мемлекеттік саясаттың басты және негізгі бағыты. Мемлекет қашанда білім беру мәселесіне ерекше маңыз беріп, студенттердің бәсекеге қабілетті болып шығуы үшін барлық жағдайларды жасап келеді. Аталмыш нысандардың бой көтеруі соның нақты дәлелі. «Жаңа жатақхана мен бассейннің падалануына берілгеніне өте қуаныштымын. Қыздардың білім алуына барлық жағдай бар. Әрбір нысан ерекше. Жатақхана жайлы. Былтыр 70 жылдық мерейтойда «Қазақ аруы» атты субұрқақ салынса, биыл, міне, үш бірдей нысан Қыздар қалашығының сәнін кіргізді», – дейді ҚазМемҚызПУ Студенттер Альянсының төрайымы Нұрилә Жұманқұлқызы. Студенттер пайдалануға берілген жаңа ғимараттардан Қазақстанның дамуына зор үлес қосатын тұлғалардың шығатынына зор сенім артып отыр.

Алматының ақ жауынында қонақтар мен студенттерге қорған болған «Ақ шатырдың» астында Аслан Бәкенұлы барша қонақтармен және студенттермен бірге Қыздар университеті өнерпаздарының салтанатты концертін тамашалады.

 

«Қыздар университеті» медиа орталығы




Рекомендовать
Последние новости