Қытаймен арадағы шекарада 15 мың адам тексерілді

Dalanews 23 янв. 2020 16:12 904

Қытайда өршіген коронавирусқа байланысты екі елдің шекарасында қазірдің өзінде 15 мыңға тарта азамат тексерілген.




Мұндай деректі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев келтірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Шынында да, Қытайда тараған вирус тақырыбы өте резонансты сипатқа ие болды. Біздің азаматтардың алаңдауын түсінуге болады. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз мәслихатын өткізіп, жүргізілген алдын алу шаралары туралы нақты айтылды. Шекарадағы бақылау күшейтілді. Біздің елшілік пен консулдық сондағы азаматтармен байланыста. Шекарадағы өткізу пунктерінде бәрі де контактсыз термомитриядан өтеді. Бортсеріктермен, жолаушылар пойызының жолсеріктерімен профилактикалық шаралар жүргізілуде. Қытайға бара жатқандар үшін арнайы жадынама дайындалды, – деді министр «Ашық диалог» бағдарламасында.


Дәурен Абаевтың келтірген дерегіне сәйкес, шекарада қазірдің өзінде 15 мыңға тарта азамат тексерілген. «Ауру белгілері ол тексерулерде анықталған жоқ. Әлбетте, бәрі де жағдайды бақылауда ұстап отыр» деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин Қытайда өршіп жатқан коронавирус Қазақстан аумағында тіркелмегенін мәлім еткен еді.

 

Рекомендовать
Последние новости