Қытайлық компаниялар Ресейге дрондар жасауға көмектесіп жатыр - Bloomberg

Көркем Алдабергенова 08 июл. 2025 13:26

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Қытай жеткізушілері Ресейдің Украинаға қарсы қолданылып жатқан соққы дрондарын құрастыру үшін қажетті бөлшектермен қамтамасыз етуде басты рөлге ие, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Агенттік танысқан құжаттарға сәйкес, 2023 жылы Украина арнайы қызметтері дайындаған есепте Ресей дрондарындағы шетелдік компоненттердің 92%-ы Қытайда өндірілгені көрсетілген. Бұл – электроника, камералар, қозғалтқыштар, антенналар мен навигациялық модульдер секілді маңызды бөлшектер.

Компоненттер Ресейге тікелей де, сондай-ақ Гонконг, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері арқылы делдал компаниялар желісімен де жеткізіледі. Қытайлық жеткізушілердің қатарында өздерін тек азаматтық секторда жұмыс істейді деп көрсететін ірі өндірушілер де бар. Кейбірі ауыл шаруашылығы техникасы немесе аэрофототүсірілімге арналған құрал ретінде бүркемелеп, әскери мақсаттағы жабдықты Ресейге жөнелтіп отырған.

Есепте дрондарды Ресейдегі өндіріс ошақтары – Татарстан мен Ижевск қалаларындағы кәсіпорындарда жинап жатқаны айтылған. Құрастыру жұмыстары Иран лицензиясы бойынша (Shahed/Geran үлгілері) және жергілікті әзірлемелер негізінде жүзеге асырылуда.

Құжатта аталған мәліметтер ұшырылған және атып түсірілген дрондарды талдау, логистикалық құжаттар мен қаржылық операциялар негізінде жиналған. Онда нақты қытайлық компаниялар мен жеткізу көлемдері, бірнеше миллион долларлық келісімшарттар көрсетілген. Қытайлық бөлшектерді қолдану Ресейге дрон өндірісін жолға қоюға, нысананы дәл анықтауды жақсартуға және радиоэлектрондық қарсы іс-қимыл жағдайына бейімделген құрылғыларды жасауға мүмкіндік берген.

АҚШ пен одақтастары бұл деректер аясында экспорттық бақылауды күшейтуді қарастыруда, алайда санкцияларды айналып өту үшін үшінші елдер арқылы жүретін тетіктердің әлі де осал тұс болып отырғанын мойындайды. Қытай әскери көмек көрсетіп отырғанын ресми түрде жоққа шығарғанымен, қос мақсаттағы (әскери және азаматтық) технологиялық өнімдерді экспорттауды белсенді түрде жалғастырып отыр.

7 шілдеде Украина Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас барлау басқармасы «шахед» типіндегі дрондарда Қытайда жасалған электрондық компоненттердің үлесі 60–65%-ға жеткенін хабарлады.

Ал 7 маусымда Украина Қарулы күштері Әуе күштері басқармасының өкілі Юрий Игнат Ресей дрон өндірісін айтарлықтай арттырып, бір түнде Украинаға шамамен 500 ұшқышсыз ұшу құрылғысын ұшырып жатқанын мәлімдеген.


Рекомендовать
Последние новости