Қытайдың "Loong Airlines" әуе компаниясы Қазақстанға әуе рейстерін ашты

Dalanews 08 сент. 2023 06:42 1026

ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті тұрақты негізде ұшу географиясын кеңейту, халықаралық рейстер санын ұлғайту және жаңа шетелдік авиакомпанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осылайша, Қазақстан мен Қытай авиациялық мекемелерінің бірлескен жұмысының арқасында 2023 жылғы 7 қыркүйекте қытайлық "Loong Airlines" әуекомпаниясы Ханчжоу – Алматы бағыты бойынша алғашқы жолаушылар рейсін орындады.

Рейстер "А321" үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 3 рет (сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері) жиілікпен орындалатын болады.

Жаңа әуе тасымалдаушының Қазақстанның әуе тасымалы нарығына кіруі, сондай-ақ жаңа әуе бағыттың ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Ханчжоу қаласы – Чжэцзян провинциясының астанасы. Қала халқы 10 млн  адам. 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында қалада 19-шы Азия ойындарын өткізу жоспарлануда. Ханчжоу қаласының әуежайы-Қытайдағы ең көп жұмыс істейтін 10 әуежайдың бірі.

"Loong Airlines" – 2011 жылдан бастап жолаушылар мен жүк тасымалдайтын қытайлық авиакомпания. Авиакомпанияның флоты "А321" (жолаушылар) және "Б737" (жүк) типті 70 ұшақтан тұрады.

Бүгінгі таңда "Loong Airlines " 170-тен астам қаладан 600 ішкі және халықаралық жолаушылар және жүк бағыттары бойынша тасымалдауды орындайды.

Әуе компания Ханчжоу қаласында өтетін 19-шы Азия ойындарының ресми серіктесі болып табылады.

Рекомендовать
Последние новости