Қытай атынан Олимпиадаға қатысқан үшінші қазақ

Dalanews 18 авг. 2016 13:30 960

Қытай құрамасы сапынан үшінші қазақ олимпиадаға қатысады. Бұл туралы www.dalanews.kz  сайтына 21 тамыз күні боз кілемге еркін күрес түрі бойынша белдесуге шығатын этникалық қазақ, Қытайға аты мәлім балуан Ерланбек Кәтейұлының жанкүйер тілеулесі, өзі де талай додада топ жарған балуан Нұрлан Дәулетхан арнайы хабарлады.

[caption id="attachment_19106" align="alignright" width="274"]20160713120420 Әлнұр Төргеұлы[/caption]

Бұған дейін миллиард халқы бар Қытай халық республикасы атынан олимпиадаға екі этникалық қазақ – балуан Әлнұр Төргеұлы мен боксшы Қанат Ислам Афины олимпиадасына қатысқан болатын. Қанат Ислам 2008 жылы Бейжің олимпиадасына екінші рет қатысып, қолаға ие болған.

[caption id="attachment_19107" align="alignleft" width="319"]dalanews-kanat_islam-840x420 Қанат Ислам[/caption]

Рио олимпиадасына Қытай құрамасы атынан жарысқа қатысатын Ерланбек Кәтейұлы 1985 жылы Алтай аймағы Қызылтас қалашығында дүниеге келген. 2000 жылдан бері күреске қатысып, аудан, аймақ, өлкелік жарыстарда топ жарған балуан. 2008 жылы Қытай мемлекеттік жарысында күміс, 2009 жылы қола медалға ие болған. 2010 жылы Будапешт қаласында өткен әлемдік жарыста қолаға ие болған. Ол 2012 жылы Финляндияда өткен халықаралық жарыста үшінші орынға көтеріліп, өз құрамасының бағын үстем етуге үлес қосқан. Одан кейін де оның алған медальдары жетерлік. Қытай, Азия, Еуропа және әлемдік достық және ресми кездесулерде сан мәрте жүлделі орындарға ие болған айтулы балуан. 2016 жылы көктемде Астанада өткен Олимпиадаға іріктеу жарысында олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

[caption id="attachment_19108" align="alignleft" width="178"]image (11) Е. Кәтейұлы[/caption]

Нұрлан Дәулетханұлының айтуынша: «Ерланбек күші мен мысы өзіне сай балуан. Ол боз кілемде өзін еркін сезіне отырып, қарсыласының барлық амал-тәсілдерін алдын ала болжай біледі».

Ол Ерланбек Кәтейұлының осы олимпиадада жүлде алу мүмкіндігі зор екенін айтады. Өйткені, олимпиадаға жолдама алудан бұрын, Қытайдың өз ішінен суырылып шығу өте қиын. Бұл елде бәсеке жоғары. Ал Ерлан болса, миллиардты өзінің нағыз кәсіпқой балуан екендігімен мойындатып үлгірген.

«Қытай қазақтарының ішінен шыққан мықты балуандар жетерлік. Олардың көбінің бабы келіскенімен, бағы келіспеді. Бұған дейін де Қытайдың өзін мойындатып, әлемдік жарыстарда топ жарған бірнеше балуан болды. Солардың бірі 2004 жылы Афины олимпиадасына қатысқан, оған дейін де әлемдік жарыстарда талай мәрте жүлде тұғырына көтерілген Әлнұр Төргеұлы. Ерланбекке бұл жолдама оңайлықпен келген жоқ. Ол осы жауапкершілікті түсінеді. Сондықтан биік тұғырдан көрінер деген үмітіміз бар», – дейді Нұрлан Дәулетхан.

Ерланбек Кәтейұлы 21 тамыз күні Рио төрінде белдесуге шығады. Бұған дейін өзбекстандық қандасымыз Елмұрат Тасмұратов грек-рим күресі бойынша қола жүлдеге ие болған. Өзге елде жүрген баһадүрлердің жеңісті жолын Е. Кәтейұлы жалғасын деп тілейміз.

 

Рекомендовать
Последние новости