ҚазҰУ-дің 1-курс білімгерлері студенттер қатарына қабылданды

Dalanews 15 сент. 2021 07:07 961

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған 1-курс білімгерлерін студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында үлкен өмірге қадам басқан жас өрендерді ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев салтанатты жағдайда құттықтады. Егемен елімізде жастардың тәрбиесі мен біліміне айрықша маңыз берілетінін айта келе, ректор Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары – жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады» деген қанатты сөздерін мысалға келтірді. Жастарға қарата елдің болашағы мен игілігі білімді ұрпақтың қолында екенін баса айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуына, оның ішінде жастардың болашаққа нық сеніммен қарауына маңыз бергенін атап өтті.

Сондай-ақ оқу орнының басшысы қарашаңырақта білім, ғылым, өнер және спортпен айналысу үшін заман талаптарына сай барлық жағдай жасалғанын айтып, 1 қыркүйектен бастап шәкіртақының 20 пайызға өскенін хабарлады.

Студенттер өз кезегінде елге, жерге, тілге деген құрметті биік ұстап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті деген атқа лайық болуға және бәсекеге қабілетті маман болып, еліміздің көркеюі үшін адал қызмет етуге ант берді.

Механика-математика факультетінің 1-курс студенті Шапағат Мүсірепова: «Еліміздің ең үздік университетінің білім грантына ие болғаныма аса қуаныштымын. ҚазҰУ студенті атану мен үшін үлкен мәртебе. Мұнда келгелі бойымды ерекше сезіп билеп, қалашықтың әсем келбетіне таңданумен келем. Үлкен жауапкершілікті сезінемін және сенімді ақтауға бар күш-жігерімді саламын» деп өз әсерімен бөлісті.

Мерекелік жиын соңында білімгерлер «Гаудеамус» халықаралық студенттер әнұранын хормен шырқап, естелік суретке түсті.

Рекомендовать
Последние новости