"Қазпошта" АҚ Басқармасының төрағасы Әсел Жанасова қанша жалақы алатынын айтты

Кәмшат Тілеухан 04 дек. 2024 14:26 666

"Қазпошта" АҚ Басқармасының төрағасы Әсел Жанасова өзінің жалақысы қанша екенін айтты. Бұл туралы ол "Пошта туралы" заңға енгізілген түзетулер мен өзгерістер мақұлданғаннан кейін Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында айтты, деп жазады Dalanews.kz.

Ол қолына таза тиетіні - 1,2 млн теңге екенін айтты.

Ал елімізде пошташылар орта есеппен 160 мың теңге айлық алады. Ал шалғай ауылдарда, тіпті одан да аз. Мұның себебін Әсел Жанасова былай түсіндірді:

"Пошта дегенде, бұл тек пошташылар ғана емес. Бізде жүргізушілер, сұрыптаушылар, операторлар да жұмыс істейді. Олардың жалақылары әртүрлі. Пошташылары жартылай ставкада жұмыс істейтін аймақтар бар. Олар қосымша жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Мысалы, сұрыптаушы түнде үшінші ауысымға жұмысқа шығады делік. Ол бір айлық жалақының үштен бір бөлігін алады. Осы жағынан алғанда, біздегілер аз жалақы алатын сияқты көрінеді, бірақ іс жүзінде оның үш-төрт жұмысы болады", - деді Әсел Жанасова.

Ол ұйымның жыл сайын жалақыны көтеріп отыратынын баса атап өтті.

2023 жылы ауылдық өндірістік персоналдардың жалақысы 25% - ға көтерілген. Биыл тағы 15%-ға өскен. Негізінен поштада әйел адамдар жұмыс істейді, шамамен - 85%. 2022 жылы өңірлердегі пошташылардың орташа айлығы 90 мың теңге болған.


Рекомендовать
Последние новости