Қазығұрттағы бала өліміне қатысты брифинг өтті

Dalanews 08 сент. 2019 12:54 860

Түркістан қаласында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданындағы жазатайым бала өліміне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова, Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев,  Түркістан облысы полиция департаментінің тергеу басқармасының басшысы Қайбар Мәлік қатысты.

Брифингке қатысқан Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев аталған оқиғаға қатысты шұғыл  Қазығұрт ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың iстерi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиясы отырысы өткізілгенін мәлімдеді.

– ҚР БҒМ-ң бұйрығы бойынша алгоритм негізінде орын алған жағдайлар туралы хабарлама 3 сағаттың ішінде тиісті білім саласындағы органдарды хабардар ету керек. Бұл жағдайда осы бұйрықтың орындалмағаны анықталды. Сондай-ақ, комиссия отырысының қорытындысымен кінәлі қызметкерлердің жауапкершілігі қаралады М.Әуезов жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әбдіғаппар Есенбеков қызметінен уақытша шеттетілді. Мектеп директоры Ескендір Мұсақұлов Төлендіұлына  «Қызметіне сәйкес еместігі», директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Қанат Исаев Науханұлына «Қызметіне сәйкес еместігі», аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Әлия Егізек Әлекбарқызына «Қатаң сөгіс», аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов Алтынбекұлына «Сөгіс» түріндегі шаралар жасалынды.

Сонымен қатар, барлық білім беру мекемелерінің спорт залдарында орналасқан құрал жабдықтарға, оның ішінде шағын футбол және қол доптарына арналған торлы қақпаларды бекіту және оқушылар мен ұстаздарға қауіпсіздік ережелерін сақтау шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ, мектеп оқушысының отбасына тиісті көмектер көрсетіледі,  – деді Төлеген Тұртайұлы.

Баспасөз мәслихатында Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова басқарма тарапынан барлық білім беру ұйымдарындағы спорт және басқа да инвентарьларды бала қауіпсіздігіне тексеру жүргізу аудан, қала білім бөлімдеріне тапсырылып, сабақ кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қатаң тапсырылғандығын айтты.

Брифингте Түркістан облысы полиция департаментінің тергеу басқармасының басшысы Қайбар Мәлік аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқандығын айтты.

– Аталмыш жайт Қазығұрт АПБ-нің СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 141-бабымен «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» тіркеуге алынды. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда, – деді Қайбар Мәлік.

Айта кетерлігі, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Әлихан Мақатай Талғатұлы 2019 жылғы 5 қыркүйек күні сағат 10.00 шамасында 3-ші сабақта (дене шынықтыру сабағы барысында) мектептің спортзалында футбол ойынына арналған жылжымалы қақпа үстіне құлап, оқыс оқиға салдарынан қайтыс болған болатын.

 

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости