Қазақстанда “Үздік педагог” атағының иегері 4 миллион теңгеге жуық сыйақы алады

Қаракөз Амантай 09 июл. 2025 10:15

Қазақстанда ұстаздарды қолдау және ынталандыру мақсатында дәстүрлі “Үздік педагог” республикалық байқауы бастау алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жеңімпаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 3,9 миллион теңге) мемлекеттік сыйақы табысталады.

Байқауға балабақша, мектеп, колледж секілді білім беру ұйымдарында қызмет ететін педагогтер қатыса алады. Үміткерлердің білім саласына қосқан үлесі, кәсіби шеберлігі мен жұмыс тиімділігі басты назарда болады.

Конкурс үш кезеңнен тұрады:

1-кезең — аудандық, қалалық деңгей (8-25 шілде);

2-кезең — облыстық деңгей (28 шілде- 15 тамыз);

3-кезең — республикалық деңгей (18 тамыз — 18 қыркүйек).

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық деңгейге өтеді. Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталында жүзеге асырылады.

"Үздік педагог" Республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқау. Осы уақытқа дейін 700-ге жуық жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған мықтылар анықталды.«Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Олар — балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері", — делінген министрлік хабарламасында.

Байқауға қатысу туралы қосымша ақпаратпен Оқу-ағарту министрлігінің сайтынан танысуға болады.


Рекомендовать
Последние новости