Қазір Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балаларды тұрғылықты жері бойынша міндетті тіркеу қарастырылмаған. Осы ереженің салдарынан елдегі нақты халық санын есепке алуда қиындықтар туындап отыр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі бұл норманы алып тастап, ата-аналарды баланы туған сәттен бастап тіркеуге міндеттеу жөнінде бастама көтерді. Тиісті бұйрық жобасы қазір ашық талқылауға шығарылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Түсіндірме жазбада 2020 жылдан бастап Ұлттық статистика бюросында 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты мекенжай деректері жоқ екені айтылған. Бұл жағдай елдегі демографиялық ахуалды толық қамтитын нақты мәліметтерді қалыптастыруға кедергі келтіріп отыр. Жаңа ереже қабылданған жағдайда, бұл деректер баланың тууынан кейін бірден тіркеліп отырады.
Тіркеу үшін баланың жеке басын куәландыратын құжаттардың бірі қажет болады, мысалы — туу туралы куәлік. Жаңа тәртіп бойынша тіркеуге жататын жас шегі 16 жасқа дейін деп белгіленіп отыр.
Сонымен қатар, жоба аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлерінің жеке куәлік пен паспорт беруге қатысты өкілеттігі бекітіледі. Мұндай тәсіл пилоттық режимде сынақтан өткен. ІІМ мәліметінше, бұл тәжірибе көші-қон бөлімдеріндегі кезекті азайтып, қызметкерлерге түсетін жүктемені жеңілдеткен.
Бұдан былай корпорация қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалармен теңестіріледі, бұл азаматтарды құжаттандыру процесіне олардың қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Министрлік бұл өзгерістер ешқандай теріс салдарға әкелмейтінін, керісінше азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.