Қазақстанда 2022-2023 жылдары құс етін өндіруге бөлінген мемлекеттік субсидиялар тиімсіз болып шықты.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметіне сүйенсек, құс шаруашылығын қолдауға жұмсалған 34 миллиард теңгеден астам қаржы негізгі мақсатына жетпеген. Яғни ішкі нарықты толықтай отандық өніммен қамтамасыз ету жүзеге аспаған деп жазады Dalanews.kz.
Мемлекеттің ауқымды қолдауына қарамастан, 2023 жылы елдің құс етімен қамтамасыз етілу деңгейі бар болғаны 73 пайызды құрады.
Оның үстіне, Қазақстанда өндірілген құс етінің айтарлықтай бөлігі ішкі нарыққа емес, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға экспортталған.
Тіпті кейбір жағдайда бұл елдерге жөнелтілген өнімнің бағасы ішкі нарықтағыдан үштен бір есеге дейін арзан болған.
Аудиторлар бұл жағдайды «субсидиялардың шетелге ағуы» деп бағалап, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін жаңа тәсілдер мен шарттарды қайта қарауды ұсынып отыр.
Олардың айтуынша, халықтың есебінен бөлінген субсидиялар алдымен отандық нарықты толық қамтуға бағытталуы тиіс.