Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстанда шетелдік әртістердің концерттері қандай жағдайда тоқтатылуы немесе тыйым салынуы мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл цензура да емес, «қара тізімдер» де емес. Қазақстан шетелдік орындаушылар үшін ашық ел болып қала береді, сөз бостандығы сақталады. Алайда концерт ұйымдастыру тәртібі өзгереді.
Бұған дейін әртістер немесе олардың командалары алдымен алаң тауып, билет сатуды бастап, тек содан кейін ғана құжаттарды рәсімдеуге кірісетін. Соның салдарынан әкімдіктер мен тиісті ведомстволар концерттер туралы көбіне кейін біліп жататын, билеттер сатылып кеткен соң, әлеуметтік желілерден көретін. Кочетов мұндай тәжірибені дұрыс емес деп атады.
Енді жаңа тәртіп енгізіледі. Алдымен ресми келісімшарт жасалады, кейін жергілікті билікпен келісу жүргізіледі, тек содан соң ғана билет сатылымы басталады. Осылайша мемлекеттік органдар кім келетінін, қандай бағдарламамен және қандай шарттармен өнер көрсететінін алдын ала білетін болады.
Келісімшарттарда әртістің міндеттемелері нақты көрсетіледі. Ең бастысы, концерт барысында ел заңдарын бұзатын контент болмауы тиіс: есірткіні насихаттау, порнография, мемлекеттік құрылымға қарсы үндеулер немесе өзге де тыйым салынған тақырыптар.
Егер репертуарда даулы шығармалар болса, әртіске оларды Қазақстан сахнасында орындамау жөнінде ұсыныс беріледі. Осы талаптар сақталған жағдайда концерт өткізуге ешқандай кедергі болмайды.
