Қазақстанда ресейлік бизнестің үлесі жоғары қарқынмен қысқаруда

Кәмшат Тілеухан 16 июл. 2025 14:24

Қазақстанда ресейлік бизнестің үлесі қарқынды түрде азаюда. Биылғы жылдың екінші тоқсанында еліміздегі ресейлік компаниялардың саны соңғы алты жылдағы ең үлкен қарқынмен қысқарған. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, биыл 1 сәуір мен 1 шілде аралығында Ресей капиталы бар кәсіпорындардың саны 728-ге кеміп, 17,6 мыңға дейін төмендеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

DATA HUB сарапшыларының пікірінше, мұндай жағымсыз динамика бір жылдан аса уақыттан бері тоқтаусыз жалғасып келеді. Егер 2022 жылы геосаяси шиеленіс салдарынан Ресей бизнесі Қазақстанға ағылып келсе, қазір керісінше, көрсеткіштер бұрынғы деңгейіне қарай кері шегінуде. Былтырғы сәуір айымен салыстырғанда ресейлік компаниялар саны 2,1 мыңға азайған (ол кезде бұл көрсеткіш 19,7 мыңды құраған еді).

Қызығы, ресейлік бизнестің қысқаруы бір ғана сала емес, экономикадағы барлық бағытын қамтып отыр. Әсіресе, ең көп төмендеу сауда мен IT саласына тиесілі – жалпы құлдыраудың 55%-ы дәл осы секторлар есебінен болды.

Дегенмен, бұл жағдайға қарамастан, Ресей Қазақстандағы шетелдік бизнес саны бойынша көшбасшылықты сақтауда. Бірақ, соңғы уақытта Ресей бизнесі шегініп жатқанда, көрші Өзбекстан мен Қытай керісінше, қарқынды өсім көрсетуде.

"Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық капиталы бар компаниялар саны биылғы сәуір-маусым айларында бірден 527 кәсіпорынға көбейіп, 5,4 мыңға жетті. Бұл өсімнің барлығы дерлік қызмет көрсету саласының үлесіне тиесілі. Ал қытайлық бизнес осы кезеңде 503 компанияға артып, жалпы саны 4,5 мың кәсіпорынға жеткен. Бұл өсімнің 40%-ы сауда саласы арқылы қамтамасыз етілген. Алайда Өзбекстан мен Қытай бизнесі қанша қарқынмен өссе де, жалпы шетелдік компаниялардың көрсеткішіне шешуші әсер ететін ресейлік бизнестің динамикасы болып қалуда. Нәтижесінде Қазақстанда шетелдік капиталы бар компаниялар саны биылғы екінші тоқсанда жалпы алғанда 254 кәсіпорынға азайып, бүгінде 44,7 мың компанияны құрап отыр. Осылайша, Ресейден келген кәсіпкерлердің кетуі Қазақстандағы шетелдік бизнестің жалпы көрсеткішіне теріс ықпал етіп отыр", - дейді DATA HUB сарапшылары.


Бұған дейін сайтымызда "Ресейдің Ұлттық қоры сарқылу, экономикасы рецессия алдында тұр" деген мақала жарияланған болатын. 


Рекомендовать
Последние новости