Қазақстанда жол саласына соңғы бес жылда 6 трлн теңге жұмсалған - Антикор есебі

Кәмшат Тілеухан 29 окт. 2024 10:51 1235

Антикор Көлік министрлігімен бірлесіп жемқорлық тәуекелдеріне қатысты жүргізген сыртқы талдау нәтижелерін жариялады. Ондағы цифрлар көңіл көншітпейді. Оған соңғы 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан халық тарапынан түсетін шағымдар қатары сиремей тұруы дәлел, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарының сапасыздығына қатысты 20 мыңнан астам шағым түсті. Бұл арада басты себеп ретінде жемқорлық аталады. 2024 жылдың басынан бері ғана агенттік осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді. Сыртқы талдау жоспарлаудан бастап бақылау мен күтіп ұстауға дейінгі жол құрылысы мен жөндеудің барлық кезеңдерінде жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетті", делінген 29 қазанда жарияланған Антикор хабарламасында.

Анықталған бұзушылықтар мен схемалар мынандай:

  • бастапқы кезеңде проблемалық учаскелер дұрыс анықталмайды, жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі;
  • жобалау кезінде смета шамадан тыс жұмыс пен материалдардың есебінен жасанды түрде жоғарылатылады;
  • келісімшарттар көбінесе тәжірибесі мен ресурстары жоқ мердігерлермен, бір көзден немесе картельдік келісім шарттарымен жасалады;
  • қосалқы мердігерлік ұйымдарды тарту ешкімнің бақылауында емес. Ол өзінің жеткіліксіздігін және көп сатылы бақылау жүйесін көрсетті;
  • жол активтерінің ұлттық сапа орталығының анықталған ақаулар туралы қорытындыларын орындау міндетті емес, ал техникалық қадағалау өз функцияларын ресми түрде орындайды;
  • саланы дамыту үшін Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайды. Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды енгізудің орнына институт нормативтік құжаттаманы әзірлеумен айналысады.

"Жаңа технологияларды енгізуді бақылаудың болмауы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және күрделі нормативтік-құқықтық база да автожолдардың сапасына әсер етеді. Цифрландырудың жеткіліксіздігі проблеманы ушықтырады. Соңғы 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд бюджет қаражаты жұмсалды. Дегенмен, жолдардың цифрлық картасы әлі әзірленбеген", делінген талдау қорытындысында.

Талдау қорытындысы бойынша агенттік осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан астам ұсыныс дайындады.

Жобалар сараптамасының және техникалық қадағалау институтының функционалын қайта қарау, ҚазжолҒЗИ-ға сұранысқа ие инновациялық технологияларды әзірлеуге қайта бағдарлау, ірі жол жобаларын ғылыми-техникалық сүйемелдеу, жол активтері сапасының ұлттық орталығының өкілеттіктерін күшейту, сондай-ақ жолдардың цифрлық картасын жасау жөнінде шаралар ұсынылды. Бірқатар ұсыныстар қазірдің өзінде сыналуда.

Мысалы, Атырау облысында автожолдардың бірін орташа жөндеу кезінде "Цифрлық теңге" жобасы арқылы бөлінген ақшалай қаражатты қадағалау жоспарлануда.

 

 


Рекомендовать
Последние новости